Айыртау ауданында жаңа заманауи ХҚКО ашылды

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында жаңартылған цифрлық форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Жаңа ХҚКО Саумалкөл ауылында, Шоқан Уәлиханов көшесі, 7-үй мекенжайы бойынша орналасқан, деп хабарлайды QZ NEWS «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңғыртылған кеңсе азаматтарға ыңғайлы болу қағидаттарына сай жобаланып, заманауи техникамен жабдықталған. Кеңсенің тиімді жоспарлануы Айыртау ауданы тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі жайлы алуына мүмкіндік береді.
Жаңа ХҚКО-да негізгі қызметтік аймақтар қарастырылған:
- Ресепшн аймағы
- Құжаттарды беру аймағы
- Жылдам қызмет көрсету аймағы (экспресс-қызметтер үшін)
- Өз өзіне қызмет көрсету бұрышы
- eOtinish платформасы арқылы өтініш қабылдау пункті
– Аудан тұрғындарының қолайлылығы үшін корпорация ХҚКО-ны жаңғырту туралы шешім қабылдады. Бұл қадамның арқасында тұтынушылар мемлекеттік қызметтерді алу барысында қолжетімділікті және ыңғайлылықты сезінеді. Жаңа орталықта 9 жұмыс орны бар, 23 білікті маман қызмет көрсетеді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ СҚО филиалының директоры Еркін Жұмабай.
Айта кетейік, бұл цифрлық кеңсе жыл ішінде облыста ашылған екінші заманауи форматтағы орталық болды. Бұған дейін осындай орталық Есіл ауданында пайдалануға берілген.
