«Сенімен Болашақ» ұйымы СҚО оқушыларына мамандық таңдауда көмектеседі

Балалардың болашақ мамандығын таңдауда ересектердің қолдауы ерекше маңызды. Солтүстік Қазақстан облысында «Сенімен Болашақ» ұйымы оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруге арналған жаңа әлеуметтік жобаны ұсынды. Оның осы оқу жылында қалай жүзеге асырылатыны туралы мектеп директорларына мен педагогтарға түсіндірілді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Жоба сегіз ай бойы жүзеге асырылады. Болашақ мамандықты саналы түрде таңдаудың маңыздылығы жайлы түсіндіру жұмыстары жеңіл әрі креативті форматта өтеді. Осы уақыт аралығында 9–11 сынып оқушылары арасында байқаулар, сауалнамалар, тренингтер, экскурсиялар мен пікірсайыс турнирлері ұйымдастырылып, жан-жақты кеңес беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылы өңір мектептерінде осындай кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілген. Енді «Сенімен Болашақ» ұйымы білім саласының өкілдерімен бірлесе отырып, жұмыстың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Биыл жоба үш мектепте іске асырылады, оның бірі – ауылдық мектеп.

«Біз екінші жыл қатарынан оқушылардың кәсіби бағдарлануына арналған кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып келеміз. Мақсатымыз – балаларға өмірден өз орнын табуға көмектесу. Жобаны бастамас бұрын аймақтағы жағдайды зерттедік. Өңірде жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек ететіндер аз. Жастардың бұл салаларға қызығушылығы төмен. Біздің бастамамыздың арқасында бұл көрсеткіш жақсарады деп сенемін», – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ СҚОФ жетекшісі Жанат Мұхамеджанов.

