Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлда Жәлел Қизатовтың Қазақстан тарихы мен рухани мұрасына қосқан үлесі талқыланды

Петропавлда Жәлел Қизатовтың Қазақстан тарихы мен рухани мұрасына қосқан үлесі талқыланды

October 10, 2025 13:00

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатовтың 105 жылдығына арналған кеш өтті. Батырдың рухына тағзым етуге өңірдің қоғам қайраткерлері, ұстаздар мен студенттер жиналды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Кездесуде Жәлел Қизатовтың Қазақстан тарихындағы орны мен оның қалдырған рухани мұрасы жайында сөз қозғалды. Жастар Ұлы Отан соғысының ардагерін ерліктің және рухтың биік үлгісі деп санайды.

Іс-шара барысында ерекше атап өтілген жайт – Жәлел Қизатовтың Солтүстік Қазақстан облысының тумасы екені. Қазір оның туған жері – Есіл ауданының Покровка ауылында оның есімі берілген Жоғары ауыл шаруашылығы колледжі жұмыс істейді.

Кешке колледждің оқытушылары мен студенттері де қатысып, батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған естеліктерімен бөлісті.

«Жәлел Қизатов өз шығармаларында соғыс жылдарын, халықтың тағдырын суреттеді. Ол өлеңдер, әңгімелер мен повестер жазды. Оның еңбектері, әсіресе соғыс тақырыбындағы публицистикалық мақалалары мен повестері жас ұрпақты отансүйгіштікке және еңбексүйгіштікке тәрбиелейді», – деді Ж.Қизатов атындағы Жоғары ауыл шаруашылығы колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аяулым Абылхалимова.

Соғыс жылдарындағы жауынгерлердің ерлігі жастарға шынайы адамгершілік құндылықтарды – Отанға деген сүйіспеншілікті және елге адал қызмет етуге дайындықты дарытады. Кездесуге Қозыбаев университетінің студенттері атынан жаңа сайланған президент Асанәлі Жанатұлы қатысып, мұндай шаралардың қазіргі жастар үшін маңыздылығын атап өтті.

«Біз, жастар, Жәлел Қизатов сынды даңқты бабаларымыз қалдырған құндылықтарды сақтау жауапкершілігін өз мойнымызға аламыз. Бүгін мен қызықты дерек білдім: мысалы, Жәлел Қизатов біздің облыста туғанымен, бүкіл еңбек жолын Қызылорда облысында, қайта құру мен «жылымық» жылдары өткізген екен», – деді Қозыбаев университетінің студенті Асанәлі Жанатұлы.

Shares