СҚО тұрғыны күрделі гайморит емін МӘМС жүйесі арқылы тегін алды

Петропавлдағы көпсалалы облыстық ауруханаға аймақ тұрғыны қатты бас ауруы мен мұрынның бітелуіне шағымданып түскен. Дәстүрлі емдеу тәсілдері нәтиже бермеген соң, дәрігерлер ота жасау туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды QZ NEWS.
Мамандардың айтуынша, науқасқа одонтогенді гайморит диагнозы қойылған — бұл жоғарғы жақ сүйегіндегі инфекцияның салдарынан пайда болатын жоғары жақтағы қуыстың қабынуы. Аурудың негізгі белгілері – еңкейген кезде күшейетін қатты бас ауруы мен іріннің бөлінуі
«Науқас бір апта дәрігерлердің бақылауында болды. Кейін радикалды гайморотомия жасау туралы шешім қабылданды. Ота барысында мұрын қуысының жоғарғы бөлігінен тампонада алынып, шаю жүргізілді. Операция МӘМС есебінен тегін жасалды және сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы жақсы, сауығып келеді», – деді ЛОР-хирург Арсен Әсемов.
Мұндай күрделі операцияның құны 144 мың теңгеден асады. Айта кетейік, өңірде МӘМС жүйесі арқылы осындай үш гайморотомия жасалған: екеуі – ересектерге, бірі – балаға.
