Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Жеке оқиғадан өмірлік іске дейін: Петропавл тұрғыны зейнеткерлерге арналған демалыс орталығын қалай ашты

Жеке оқиғадан өмірлік іске дейін: Петропавл тұрғыны зейнеткерлерге арналған демалыс орталығын қалай ашты

October 9, 2025 13:18

Петропавл қаласының тұрғыны, әлеуметтік кәсіпкер Лилия Даниленко деменцияға шалдыққан қарияларға арналған жайлы кеңістік құрды. «Қазақстандық ұзақ ғұмыр» орталығында зейнеткерлер күтім мен қамқорлыққа, медициналық бақылауға және жылы қарым-қатынасқа ие. Кәсіптің негізін қалауға оған «Даму» қорының мемлекеттік қолдауы көмектескен, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

«Қазақстандық ұзақ өмір сүру » орталығында қариялар өзіне ыңғайлы уақытта замандастарымен бірге уақыт өткізе алады. Қазір мұнда екі формат қарастырылған – күндізгі қатысу және тұрақты тұру. Орталық жетекшісі Лилия Даниленконың айтуынша, мұндай бизнесті ашу идеясы жеке өмірлік оқиғадан туған. Әлеуметтік кәсіпкерлікке ол анасының ауыр сырқатына тап болғаннан кейін келген.

«Менің қарт анам бар еді. Ол 85 жаста болды. Әрдайым беделді, ақылды, сымбатты әйел болатын. Бір күні ол деменция дертіне шалдықты. Сол кезде мен: “Анамның жағдайын қалай жақсартуға болады?” деп ойландым. Сөйтіп, “Қазақстандық ұзақ өмір сүру” орталығын аштым», – деп бөлісті Лилия Даниленко.

Уақыт өте келе оған өз уақытын мазмұнды өткізуге көмек сұрап жүгінетін зейнеткерлер саны арта түсті. Қазір «Қазақстандық ұзақ өмір сүрудің» Петропавлда екі филиалы жұмыс істейді: бірі – аурудың жеңіл түріндегі қарияларға, екіншісі – терең деменциясы бар адамдарға арналған. Орталық басшысы франшиза жасап, енді оған Петропавлдан ғана емес, шетелден де хабарласатындар көбейгенін айтады.

«Астанада, Алматыда, Мәскеуде, Беларусь елінде, тіпті Лос-Анджелесте осындай орталық ашуға көптеген өтініштер түсіп жатыр. Шетелде орыс тілін білетін ата-әжелер көп және оларға да осындай орындар қажет. Біз олармен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, тиісті ғимарат пен қызметкерлерді таңдауға көмектесеміз», – дейді кәсіпкер.

Лилия Даниленконың айтуынша, күрделі деменцияға шалдыққан адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Сол себепті орталықта тәрбиешілер, санитарлар мен күтушілер еңбек етеді. Сондай-ақ зейнеткерлерге келіп жүретін мамандар да бар. Олар бірге дене жаттығуларымен, музыкамен және сурет салумен айналысады.

«Санитарлар қарияларды жуындырып, киіндіріп, орындыққа отырғызады. Біз бәріміз бірге үлкен ықыласпен таңғы жаттығу жасаймыз. Таңғы ас ішіп болған соң ән айтамыз – бұл егде жастағы адамдарға өте пайдалы. Зейнеткерлердің балалары: “Мен анамның көзінен бұрынғыдай жылылықты алғаш рет көрдім” дейді. Олар жастық шақтарының әндерін шырқап, көздері нұрланып кетеді», – дейді Лилия Даниленко.

Бұл жобаны жүзеге асыруға «Даму» қорының қаржылай қолдауы да сеп болды – бағдарлама аясында несие мөлшерлемесі 7 пайызға дейін төмендетілген. Лилия Даниленко әлеуметтік кәсіпкерлікті әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – мұндай орталықтарды тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де ашу.

Shares