Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » СҚО полициясы сот шешімін елемеген Марокко Корольдігінің екі азаматын Қазақстаннан мәжбүрлеп шығарды

СҚО полициясы сот шешімін елемеген Марокко Корольдігінің екі азаматын Қазақстаннан мәжбүрлеп шығарды

October 16, 2025 18:00

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін бұрын елден шығарылған, бірақ соттың елден өз еркімен кету туралы талабын орындамаған Марокко Корольдігінің екі азаматын Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарып жіберді, деп хабарлайды QZ NEWS.

Қазіргі уақытта СҚО-да көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтауға бағытталған «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Тек алғашқы үш күннің өзінде тәртіп сақшылары шамамен 200 құқықбұзушылықты анықтаған.

Атап айтқанда, 120 шетелдікке Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолданылды, ал 9 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Полиция қызметкерлері шетелдіктер болуы мүмкін базарлар мен құрылыс нысандарын, қосалқы шаруашылықтарды және өзге де орындарды тексеріп жатыр.

Қазан айының басында Уәлиханов ауданының тұрғыны далада кездескен күдікті шетелдіктер туралы полицияға хабар берген. Араб тілінде сөйлеген екі жас жігіт телефондағы аудармашы арқылы бірнеше күн жаяу жүріп, жұмыс іздеп Ресейге бармақ болғандарын және шекараны қай жерден кесіп өту ыңғайлы екенін сұраған. Ауыл тұрғыны бұл туралы бірден көші-қон қызметіне хабарлаған.

Полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілерімен бірлесе отырып, шетел азаматтарын ұстап, мән-жайды анықтаған. Тексеру барысында олардың Марокко Корольдігінің азаматтары екені белгілі болды.

Белгілі болғандай, олар бұған дейін, қыркүйек айының ортасында, Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданы сотының шешімімен мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін елден шығарылған. Оларға Қазақстан аумағын өз еркімен тастап шығу міндеттелген, алайда бұл талап орындалмаған.

Нәтижесінде полицейлер құқық бұзушыларды облыс орталығына жеткізіп, оларды елден мәжбүрлеп шығарып жіберді.

Shares