СҚО кітапхана қызметкерлері Мәдениет министрлігінің жоғары марапатына ие болды

Республика күні қарсаңында мәдениет саласының үздік қызметкерлері марапатталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі Солтүстік Қазақстан облысының кітапханашыларына да табысталды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Наталья Чуряк С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол еңбек жолын өнер әдебиеті бөлімінен бастаған. Қазір оқу залдарының меңгерушісі қызметін атқарады. Өз ісіне адалдық пен кітапқа деген сүйіспеншілікті ол анасынан – Раиса Михайловнадан алған. Анасы кітапхана саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен. 2019 жылы Натальяның еңбегі «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітапхана – тек ақпарат сақтау орны емес, ол – бірегей құжаттар мен сирек кітаптардың қазынасы, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы, халықтың сауаттылығы мен мәдени байлығын арттыру көзі» деп атап өтуі біз үшін үлкен шабыт, – дейді кітапханашы.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Нұргүл Валиева да марапатталды.

Мәдениет саласындағы еңбегі үшін дәл осындай марапатқа Мамлют ауданының кітапханашысы Галина Белоусько да ие болды. Ол 1984 жылдан бері Минкессер ауылдық кітапханасында еңбек етіп келеді. Галина Афанасьевна бүгінде де жергілікті оқырмандардың қызығушылығын ескере отырып, іс-шараларды өткізудің жаңа форматтарын енгізіп жүр.
