Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Кадр сыртындағы ұйқысыз түндер: СҚО полицейлері қызмет барысындағы 25 фотосуретті ұсынды

Кадр сыртындағы ұйқысыз түндер: СҚО полицейлері қызмет барысындағы 25 фотосуретті ұсынды

October 24, 2025 17:10

Петропавл қаласындағы сауда-ойын-сауық орталығында полиция мамандығына арналған фотокөрме өтті. Қала тұрғындарына Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің күнделікті еңбегін бейнелейтін фотокөрме ұсынылды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Қоғамдық тәртіпті сақтау – тәулік бойғы жауапкершілікті талап етеді. Тегіс үтіктелген форма мен иықтағы погонның артында талай ұйқысыз түндер мен жүйкеге түскен салмақ жасырынып жатады. Күн сайын төтенше жағдайларда полиция қызметкерлері қарапайым азаматтардың қауіпсіздігі үшін табандылық танытады. Көрмеде ұсынылған 25 фотосуретте полицейлердің тасқын кезіндегі, құтқару операцияларындағы және қоғамдық тәртіпті қорғаудағы жарқын сәттері бейнеленген.

– Көрменің мақсаты – полицейлердің күнделікті еңбегінің маңыздылығын, қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін көрсету, сондай-ақ қызметтің адами қырын айқындау, – деп атап өтті СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Көрме қонақтары суреттерді тамашалап қана қоймай, полиция қызметкерлерінің формасымен, арнайы құралдарымен және криминалистикалық жабдықтарымен де жақын танысуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, Республика күні қарсаңында СҚО полицейлері медальдармен, жаңа атақтармен, алғыс хаттар және грамоталармен марапатталды. Марапаттарды құқық қорғау қызметкерлеріне өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен СҚО Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов табыстады.

Shares