Патриотизм рухы: Петропавлда Республика күні Мемлекеттік Ту көтеру салтанаты өтті

Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі Петропавл қаласының Орталық алаңында өтті. Бұл айтулы шара Қазақстан Республикасының Республика күніне арналды және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын бір шаңырақ астына жинады, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Мемлекеттік Туды көтеру – бұл жай ғана дәстүр емес, қазақстандық халықтың бірлігі мен достығының нағыз нышаны. Салтанатты рәсімге өңір әкімі Гауез Нұрмұхамбетов пен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев қатысты. Сондай-ақ, шараға құқық қорғау органдарының, күштік құрылымдардың, ТЖД мен Ұлттық ұланның өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Бұл мерекенің тарихы 35 жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан бастау алады. Бұл құжат еліміздің тәуелсіздігінің іргетасы мен бастауы болып, қазіргі Қазақстанның қалыптасуына жол ашты.
Республика күнін петропавлдықтар кең көлемде және ерекше көтеріңкі көңіл-күймен атап өтуде. Орталық алаң патриотизм мен Отанға деген шынайы сүйіспеншілік рухына бөленді.

«Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Әр отбасына денсаулық тілеймін. Біз – бақытты қазақстандықтармыз», «Көңіл-күйіміз көтеріңкі болсын, барлық істеріңізге сәттілік тілеймін. Біз гүлденген Қазақстан елінде өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымын. Өзімнің сүйікті қалам – Петропавлда өмір сүріп жатқаныма бақыттымын», «Барша солтүстікқазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаймын! Барлықтарыңызға мықты денсаулық пен береке-бірлік тілеймін», – деп бөлісті облыс орталығының тұрғындары.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Сахнада петропавлдық музыканттар мен өнерпаздар, сондай-ақ облыстық полиция департаментінің өкілдері өнер көрсетті.
