СҚО-ның апелляциялық соты 840 млн теңге жымқырған ЖШС директорына шыққан 6 жылдық үкімді өзгеріссіз қалдырды

Солтүстік Қазақстан облыстық соты аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды. 840 миллион теңге көлемінде қаржы жымқырған ЖШС директоры 6 жылын түзеу мекемесінде өтейтін болды, деп хабарлайды QZ NEWS.
П. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасында, сотталған мен оның қорғаушыларының шағымдарын қарау нәтижесінде қайта зерделенді. Бірінші сатыдағы соттың анықтауынша, 2021 жылы П. ЖШС директоры қызметін атқара отырып, «СПК «Солтүстік» АҚ-пен жапырақты көкөністер өсіретін жылыжай кешенін салу жобасын қаржыландыру туралы шарт жасаған.
«Жымқыру жоспары мынаған негізделген: П. шарт бойынша міндеттемелерді орындау ниеті болмағанына қарамастан, қажетті жабдықты сатып алу үшін деген желеумен акционерлік қоғамнан 840 миллион теңге алған. Алайда, тергеу барысында ол бюджет қаржысын өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды. 2025 жылғы 20 тамызда Петропавл қалалық сотының үкімімен П. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы (аса ірі көлемде мүлікті ұрлау) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған 7 жыл мерзімге қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық немесе материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға тыйым салынды», – делінген сот хабарламасында.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Петропавл қалалық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыру, ал апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады. Сот алқасының пікірінше, бірінші сатыдағы сот материалдық және іс жүргізу құқығын бұзбаған, ал тағайындалған жаза қылмыстық заң талаптарына толық сәйкес келеді. Үкім заңды күшіне енді.
