Петропавлда «Күншуақ үйі» тәрбиеленушілері мен қонақтар спорттық эстафета өткізді

Петропавлда Республика күні мен Даун синдромы туралы ақпараттандыру айына орай «Күншуақ үйі» қоғамдық қоры спорттық эстафета ұйымдастырды. Шара А. Винокуров атындағы Спорт сарайында өтті. Іс-шараға қорды үнемі қолдап жүрген демеушілер арнайы қонақ ретінде шақырылды, деп хабарлайды QZ news.
Эстафетаға 9 тәрбиеленуші мен 12 шақырылған демеуші қатысып, тапсырмаларды бірге орындады. Қордың негізін қалаушы Татьяна Делльдің айтуынша, мұндай шаралар демеуші ұйымдар мен балалардың арасындағы жақындық пен достық байланысын нығайтады.

Эстафета тапсырмаларын кәсіби жаттықтырушылар дайындаған. Олардың қатарында қордың нейрофитнес жаттықтырушысы Алина Иванкова мен жеңіл атлетика жаттықтырушысы Иван Арнаут бар. Бұл ойында жеңімпаз да, жеңілген де болған жоқ — әрбір қатысушыға грамота мен алғыс хат табысталды. Балалар көңілді уақыт өткізсе, ересектер балалық шақтың қуанышты сәттерін сезінді.
