Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » «Вейпті тапсыр – денсаулығыңды таңда»: СҚО-да зиянды әдетке қарсы кең ауқымды акция өтті

«Вейпті тапсыр – денсаулығыңды таңда»: СҚО-да зиянды әдетке қарсы кең ауқымды акция өтті

October 31, 2025 11:42

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына «вейптің» зияны туралы тағы бір мәрте еске салынды. Облыстық прокуратура, полиция және еріктілер бірлесіп «Вейпті тапсыр – денсаулығыңды таңда» атты акция өткізді. Кез келген адам зиянды әдеттен бас тартып, құрылғыны өз еркімен және ешқандай салдарсыз тапсыра алды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Акция «Заң және тәртіп» жобасы аясында өтіп, Петропавлдың ірі сауда нысандарын қамтыды. Сонымен қатар, вейптерді облыстың барлық аудандарында да тапсыруға мүмкіндік берілді — шара аймақ көлемінде кеңінен ұйымдастырылды.

Қадағалау органы қызметкерлері азаматтарға «вейп» айналымы саласындағы қылмыстық жауапкершілік туралы да еске салды. Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 301-1-бап енгізілген. Оған сәйкес, вейптерді сақтау, жөнелту, сату мақсатында тасымалдау және тарату үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Мұндай акциялар құқық бұзушылықтардың алдын алуда ғана емес, сонымен қатар қоғамның адамгершілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және жалпы халық денсаулығын сақтауға зор ықпал етеді», – деп атап өтті облыстық прокуратура өкілдері.

Shares