Петропавлда Нұрғали Тұрсынғазиев пен Дмитрий Динерге құрмет көрсетілді
November 1, 2025 19:12

Петропавл қаласында қазақ күресінен Азия чемпионы Нұрғали Тұрсынғазиев пен әлем кубогының жүлдегері Дмитрий Динерді ұлықтау рәсімі өтті. Солтүстікқазақстандық спортшылармен кездесу үстел теннисі орталығында өтті, деп хабарлайды QZ News тілшісі.
Іс-шараға СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты.
Нұрғали Тұрсынғазиев қазақ күресінен өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Спортшының тәжірибесі — 10 жылдан асады.
«Спорт басқармасына, ардагерлерге және жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Қазақ күресін таңдаған себебім — бұл біздің ұлттық спортымыз, еліміздің бренді», – деді Нұрғали Тұрсынғазиев.
Дмитрий Динер Түркістан қаласында өткен қазақ күресінен әлем кубогына қатысып, 82 келіге дейінгі салмақта бақ сынады және СҚО-ға қола жүлде алып келді.
«Спорт басқармасына үлкен рахмет. Қолдау көрсеткені үшін Қарлығаш Асетовнаға және бапкерлеріме алғыс айтамын», – деді Дмитрий Динер.
Қараша айында Дмитрий республика чемпионатында облыс намысын қорғайтын болады. Солтүстікқазақстандық балуандар алдағы уақытта да халықаралық аренада ел намысын қорғап, өз жетістіктерімен жастарға үлгі болуды мақсат етіп отыр.
