Петропавл қаласының тұрғыны фельдшерге бейәдеп қылық көрсеткені үшін 82 мың теңге айыппұл төледі

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған соты медициналық қызметкерге қызметтік міндетін орындау кезінде құрметсіздік танытқаны үшін облыс орталығының тұрғынына айыппұл салды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлайды, деп жазады QZ NEWS.
С. есімді тұрғын ҚР ӘҚБтК-нің 80-1-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық – «Медициналық қызметкерге құрметсіздік көрсету» бойынша кінәлі деп танылды.
2025 жылдың 10 қазанында 1-қалалық емхананың фельдшері тұрғындарды үйлерінде аралап жүрген кезде, медициналық есепте тұрған С. есімді тұрғынының үйіне барған. Қызметтік міндетін орындау барысында медициналық қызметкер пациенттің агрессивті мінез-құлқымен бетпе-бет келген. Әйел фельдшерге қарата бөтен адамдардың көзінше бейәдеп сөздер айтып және оны баспалдақ алаңынан қуып шығуға тырысқан.
«Сот отырысында С. толық кінәсін мойындады. Сот құқық бұзушының жасын және әкімшілік қамауды қолдану мүмкін еместігін ескере отырып, әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындады. Айыппұлдың сомасы – 82 572 теңге (заң бойынша төлемді тез төлеген жағдайда 30% қысқару есебімен)», – делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
