СҚО-да алғаш рет МӘМС аясында миға 7 жоғары технологиялық операция жасалды

Көпсалалы облыстық ауруханада алғаш рет ми ісігіне эмболизация операциясы жасалды. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылды.
Бұл – жоғары технологиялық медициналық қызмет түріне жататын күрделі операция. Бар болғаны бір күннің ішінде көпсалалы облыстық аурухананың мамандары Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ның қан тамырлық және функционалдық нейрохирургия бөлімінің нейрохирургі Бауржан Құнақбаевтың қатысуымен 7 науқасқа операция жасады.

«Шеберлік сабағы барысында облыстық аурухана нейрохирургтері мен елордадан келген маман бірігіп, мидың қан тамырларына қатысты ауруларды (артериовеноздық мальформация, ми аневризмасы) емдеу бойынша операциялар жасады. Сондай-ақ облыста алғаш рет ми ісігіне эмболизация және үштік нерв невралгиясын емдеу операциялары өтті. Қазіргі таңда науқастар дәрігерлердің бақылауында, жағдайлары тұрақты және қанағаттанарлық. МӘМС жүйесінің арқасында олар емді тегін, емхана бағыттамасы бойынша алды», – делінген көпсалалы облыстық аурухананың баспасөз қызметі хабарламасында.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында өңір тұрғындары жалпы сомасы 257,4 млн теңгені құрайтын 41 жоғары технологиялық медициналық қызмет алған.
– МӘМС жүйесінде әр азаматтың қымбат емді тегін алу мүмкіндігі бар. Созылмалы аурулармен (гипертония, диабет, астма және т.б.) ауыратын азаматтар дәрігердің тұрақты бақылауында болып, тегін тексеруден және ем қабылдаудан өтеді. Жалпы 41 жоғары технологиялық қызметтің 25-і МӘМС аясында (155,6 млн теңге), ал 16-сы ТМККК шеңберінде (101,8 млн теңге) көрсетілді. Оның ішінде 33 операция нейрохирургиялық бағытта, 8 операция кардиологиялық бағытта жасалды, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчина.
