Мамлют аудандық полиция бөлімінің майоры Қадырбек Исин «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жаңа ержүрек қызметкермен толықты. Мамлют аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Қадырбек Исин батылдығы үшін жоғары мемлекеттік награда – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды QZ NEWS.
Салтанатты марапаттау рәсімі Астанада өтті. Құрметті марапатты полиция қызметкеріне Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыстады.
Биылдың өзінде майор Исин екі мәрте ерекше ерлік көрсетіп, өз өмірін қатерге тіге отырып, адамдардың өмірін құтқарып қалды. Көктемде ол үй ішінде темекісін өшірмей ұйықтап, үйі түтінге оранған 43 жастағы ер адамды дер кезінде сыртқа алып шыққан. Ал қыркүйек айында полиция қызметкері еш ойланбастан суға аударылған қайыққа жармасып, мұздай суға түскен 13 жастағы жеткіншекті құтқарып қалды.
Бес баланың әкесі Қадырбек Исин – қауіпті жағдайда адам өмірін аман алып қалып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Солтүстік Қазақстан облысындағы он сегізінші полиция қызметкері атанды.
