Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Kozybaev University-де студенттерге арналған спорт секциялары дамып келеді

Kozybaev University-де студенттерге арналған спорт секциялары дамып келеді

December 30, 2025 18:00

Жоғары оқу орнындағы дене шынықтыру сабағы тек стандартты нормативтермен ғана шектелетін кезең артта қалды. Kozybaev University-де студенттер өздерінің спорттық бағытын өз қалауынша таңдап, қызығушылықтарына сай секцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

СҚО-ның жетекші жоғары оқу орнында спорттық үйірмелер заманауи мазмұнға ие болды. Бүгінде сабақтар спорттық секциялар форматында өтеді, бұл студенттерге университет қабырғасынан шықпай-ақ дене шынықтырып, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік береді.

«Дене шынықтыру» пәні М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың барлық факультеттерінде 1–2 курс студенттеріне оқытылады. Семестр басында білім алушыларға дене шынықтыру секциясын таңдау мүмкіндігі беріледі. Қазіргі таңда университетте мұндай 15 секция жұмыс істейді.

Университет басшылығының айтуынша, спорттық-бұқаралық жұмыстарды жүргізуге қажетті барлық инфрақұрылым бар. Атап айтқанда, 3 спорт залы (оның екеуі ойын залы, біреуі гимнастикаға арналған), 3 тренажер залы, күрес залы, гір көтеру залы, тир, жүзу бассейні, коньки және шаңғы базалары, сондай-ақ шағын футбол алаңы жұмыс істейді.

Сұранысқа ие бағыттардың бірі — фитнес. Университеттің спорт залдарында қыз-жігіттер дене бітімін қалыптастырып, физикалық дайындығын жақсарта алады. Фитнес сабақтары гимнастика залында және СҚУ жанындағы жүзу бассейнінде өтеді.
Студенттерге тәлімгерлік ететін — «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Эльвира Мульдинова. Ол — көркем гимнастикадан спорт шебері, мол тәжірибесі бар маман.

«Мен 3-сыныптан бастап көркем гимнастикамен айналыстым. Онсыз өмірімді елестете алмадым, сондықтан осы университетке түсіп, оқуымды жалғастырдым. Қазір жинаған тәжірибем мен білімімді студенттерге үйретіп жүрмін», — дейді оқытушы.

Оның айтуынша, университеттегі барлық оқытушылар — өз ісінің нағыз кәсіби мамандары. Әрқайсысының спорттық разряды бар, әрі олар біліктілікті арттыру курстарынан үнемі өтіп отырады.

«Фитнес тәртіпке үйретеді. Икемділік, үйлесімділік, күш пен төзімділік сияқты физикалық қасиеттер дамиды. Студент қыздардың сырт келбеті де өзгереді. Секцияға қызыққандар үйде де қосымша жаттығып, салауатты өмір салтын ұстанады. Көпшілігі фитнес сабақтары 3–4 курстарда да жалғасса дейді», — деп атап өтті
Эльвира Мульдинова.

Қазіргі таңда Kozybaev University спортпен айналысуға қажетті құрал-жабдықтармен және спорт залдарымен толық қамтамасыз етілген.

«Спорт залдарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кафедра меңгерушісі Артем Александрович Шитов бізді және барлық бастамаларымызды үнемі қолдайды», — деді оқытушы.

Студенттердің бір ғана емес, бірнеше секцияны қатар таңдауға да мүмкіндігі бар. Көптеген жастар бірнеше спорт түрімен бір уақытта айналысады. Бұрын дене шынықтырумен мүлде айналыспаған студенттердің өзі секциялар арқылы спорттық дағдыларды меңгеріп, физикалық дайындығын жетілдіре алады.

Екінші курс студенті София Сивунова фитнеске құйымшақ жарақатынан кейін келген. Қазіргі таңда бұл бағыт оған қалпына келуге және оңалуға көмектесіп отыр.

«Фитнес төрт станция бойынша өтеді: йога, стретчинг, гантель, фитбол, резеңке, степпен жаттығулар жасаймыз. Жарақаттан кейін фитнес маған өте жақсы көмектесті. Бағытты өзіміз таңдай алатынымыз ұнайды. Бұл оңалтуға үлкен мүмкіндік береді», — дейді София Сивунова.

Студенттер университеттік, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға тұрақты қатысады. Биыл Kozybaev University студенттері Денсаулық күніне арналған жалпыуниверситеттік флешмобқа да атсалысты.

«Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының түлектері танымал жаттықтырушылар мен спортшыларға айналуда. Олар өздері білім алған университетін де ұмытпайды. Жақында СҚУ түлегі университет қабырғасында оқытушыларға арналған шеберлік сабағын өткізді. Бұл бастаманы кафедра меңгерушісі Артем Шитов пен «AMANAT» партиясының «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель ұсынған.

Shares