Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлда халықаралық теннис турнирі басталды

Петропавлда халықаралық теннис турнирі басталды

January 13, 2026 20:49

Петропавл қаласында алғаш рет ірі халықаралық теннис турнирі өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан жас спортшылар келді, деп хабарлайды QZ News тілшісі.

Петропавл Tennis Europe Junior Tour халықаралық турнирін қабылдаушы қала болды. Турнирге 64 жас спортшы қатысуда. Теннисшілер жеке және жұптық разрядтарда жеңіс үшін бақ сынайды. Солтүстік Қазақстан облысынан жарыстарға үш спортшы қатысады.

Полина Сивунова жас спортшыларға алты жылдан бері тәлімгер болып келеді. Ол өзі де теннистен бірнеше мәрте жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері атанған. Қазіргі таңда ол СҚО бойынша «10 жасқа дейінгі теннис» бағдарламасын үйлестіреді.

Қалалық теннис орталығындағы жаттығуларға 3 жастан 17 жасқа дейінгі балалар қатыса алады.

«Біздің өңірде шамамен 200 бала тенниспен айналысады. Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан спортшылар – әртүрлі деңгейдегі турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары. Сондай-ақ жақында №29 мектепте тегін теннис секциясын аштық. Алдағы уақытта мұндай секцияларды СҚО-ның басқа мектептерінде де ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Полина.

Ақтөбеден келген Дильназ Амандосова мен Қарағандыдан келген Айлун Мусатаева тенниспен бала кезінен айналысады. Қыздар Петропавлға алғаш рет келіп отыр.

«Біз жеке ойындарымызды өткізіп үлгердік. Біріміз жеңіске жеттік. Матч алдында әрдайым қыздырынып, психологиялық тұрғыда жеңіске дайындаламыз. Бізде тәжірибе бар екенін ойлап, сабыр сақтаймыз және осында үйренгенімізді көрсету үшін келдік деп өзімізді сендіреміз », – деді спортшылар.

Көрермендер үшін кіру тегін. Жарыс ұйымдастырушылары солтүстікқазақстандықтарды жерлестерін қолдауға шақырады. Матчтар 23 қаңтарға дейін күн сайын сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін өтеді.

Shares