Үндістанда аттракцион құлап бір полицей қаза тауып, 13 адам жарақат алды

Үндістанның Фаридабад қаласында жәрмеңке кезінде аттракцион құлап, салдарынан 13 адам түрлі деңгейде жарақат алып, бір полицей қаза тапты. Бұл туралы QZ NEWS Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
India Today басылымының мәліметінше, қалалық жәрмеңкеде цунамиді бейнелейтін аттракцион құлаған. Алдымен ол істен шығып, бір жаққа қарай қисайған. Сол сәтте полицей зардап шеккендерге көмектесу үшін жүгіріп барған, дәл осы кезде әткеншек толықтай құлаған. Құқық қорғау қызметкері ауыр жарақат алып, кейін көз жұмды.
Ресми тұлғалардың айтуынша, жалпы 13 адам зардап шеккен. Аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады.
«Аттракционда 26 адам болған. Бір адамның қаза тапқаны расталды. Палвал ауданында қызмет атқарған инспектор Джагдиш Прасад адамдарды құтқаруға тырысып жүріп қаза болды. Сонымен қатар екі әйел-полицей жарақат алды. Жалпы шамамен 12 адам зардап шекті: олардың көпшілігі жеңіл жарақат алған, алайда 2–3 адамның жағдайы ауыр. Барлығы есін біледі. Бүгін аттракциондардың техникалық тұрғыдан жарамды болғаны анықталды, дегенмен осындай оқиға орын алды. Қазір арнайы комиссия құрылып, ол оқиғаның себептері бойынша есеп ұсынады», — деді Харьяна штатының бас министрі Наяб Саини.
Билік өкілдерінің хабарлауынша, барлық зардап шеккендер ауруханада ем қабылдап жатыр.
