Ислам Евлоев Хорватиядағы Zagreb Open–2026 турнирінде күміс жүлде жеңіп алды

Солтүстік Қазақстан облысының грек-рим күресінің балуаны Ислам Евлоев халықаралық аренадағы жеңісті жолын жалғастырып, елдің ең болашағы зор спортшыларының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 2026 жылғы 4–8 ақпан аралығында Загреб қаласында (Хорватия) Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымдастырған маусымның негізгі рейтингтік жарыстарының бірі — Zagreb Open–2026 турнирі өтті. Жерлесіміз бұл жарыста күміс медаль иеленді, деп хабарлайды QZ NEWS.
Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, Ислам өзі үшін жаңа салмақ дәрежесінде — 97 кг-ға дейінгі салмақта өнер көрсетіп, турнирдің барлық кезеңінен сенімді өтті. Ол тек тартысты финалда ғана жеңіліп, әлемнің ең мықты балуандарының арасында екінші орынға тұрақтады.
Айта кетейік, 2025 жылы спортшы Эр-Рияд қаласында өткен VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында 87 кг салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, күміс жүлде алған болатын. Ал 2024 жылы Ислам Евлоев 82 кг салмақта жастар арасында (U20) әлем чемпионы атанып, Солтүстік Қазақстан облысының тарихында бұл жетістікке жеткен тұңғыш спортшы болды.
Ислам Евлоевтің жүйелі түрде қол жеткізіп жүрген табыстары оның жоғары әлеуетін және халықаралық аренада ең биік мақсаттар үшін күресуге толық дайын екенін көрсетеді.
