Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстанның әйелдер қауымына мемлекеттік наградалар табыстады

Петропавлда Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтіп, онда Солтүстік Қазақстан облысының әйелдері құрметке бөленді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Облыс әкімдігінде түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар, сондай-ақ Алтын және Күміс алқалары табысталды. Шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Залда облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, кәсіпкерлер, күштік құрылым өкілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаға өмірін арнаған әйелдер жиналды. Кіреберісте салтанатты киімдегі ұландықтар әрбір қонаққа көктем мерекесінің символы – қызғалдақ гүлдерін табыстады.

Салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтап, олардың қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтті.
«Құрметті әйелдер! Алдағы Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтауымды қабыл алыңыздар. Бұл мереке ер азаматтарға сіздерге жақындарыңызға көрсетіп жүрген қамқорлықтарыңыз үшін алғыс айтып, сұлулықтарыңызға, даналықтарыңызға және өмірдің түрлі саласында биік жетістіктерге жету қабілеттеріңізге тағы бір мәрте тәнті болуға мүмкіндік береді», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әйелдері өңірдің қоғамдық, саяси және экономикалық өміріне белсенді қатысып келеді. Бүгінде облыстағы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің 64 пайызы – әйелдер. Ал мәслихаттарда өңірдің дамуына қатысты шешімдер қабылдауға қатысып жүрген 57 әйел депутат еңбек етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге, әйелдердің құқықтарын қорғауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға ерекше көңіл бөліп келеді.
«Еліміз бен облысымыздың бүгінгісі мен болашағы сіздердің сенімдеріңізге және үміттеріңізге көп жағдайда байланысты екенін жақсы білеміз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысы өз сөзінде солтүстікқазақстандық әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне де тоқталды. Облыста 6 мыңнан астам әйел-кәсіпкер тіркелген. Олар бизнес дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасына үлес қосып келеді. Мысал ретінде функционалды спорттық киімдер бренді YUPPO-ның негізін қалаушы, полиатлоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Юлия Пропустина аталды.

Сонымен қатар Лилия Даниленко жетекшілік ететін «Қазақстандық ұзақ өмір» ЖШС жүзеге асырып отырған әлеуметтік жоба да аталып өтті. Жоба қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Өңір басшысы әйелдердің күштік құрылымдарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүргенін айтты. Атап айтқанда, Дубайда өткен халықаралық SWAT Challenge турнирінде жоғары нәтиже көрсеткен «Томирис» арнайы жасақ әйелдер командасының құрамында СҚО полиция департаменті СОБР инспекторы Дарина Білденова өнер көрсетті. Солтүстікқазақстандық спортшы қыздардың жетістіктері де ерекше аталды. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы Наталья Богданова, конькимен жүгіруден Қазақстан жасөспірімдер құрамасының көшбасшысы, жақында бес дүркін әлем чемпионы атанған Кристина Шумекова, сондай-ақ қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы Надежда Морозова бар.

«Біз сіздердің жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз. Сіздер елімізді халықаралық аренада лайықты танытып, жастарға үлгі болып жүрсіздер», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар көпбалалы аналар мен аға буын әйелдерге ерекше алғыс айтылды.
«Ана махаббаты мен қолдауын ешкім де, ешқашан да алмастыра алмайды. Ана – әр адамның өміріндегі ең басты сөз ғана емес, бүкіл мемлекеттің өміршеңдігінің маңызды негізі», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты рәсім барысында кәсіби қызметінде үлкен жетістікке жеткен бірқатар әйелдер мемлекеттік наградалармен марапатталды. Құрмет ордені Ермек Серкебаев атындағы «Өнер колледжі – дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты» кешенінің директоры Рауза Кашенева мен Солтүстік Қазақстан облысының Әйелдер күштері альянсының төрайымы Светлана Кашенцева табысталды.
Марапатты қабылдай отырып, Рауза Кашенева бұл жаңалықтың өзі үшін күтпеген әрі ерекше маңызды болғанын айтты.

«Бұл награда мен үшін үлкен тосын сый болды, сондықтан да аса қымбат. Мемлекет менің еңбегімді бағалағаны жанымды толқытты. Ең бастысы – марапат туған Отанымның атынан табысталып отыр», – деді ол.
Өнер колледжінің басшысының айтуынша, оқу орнының ұжымы өңірдің мәдени өміріне белсенді қатысып, концерттер мен шығармашылық жобаларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
«Біздің жастарымыз өте талантты – музыканттар, әртістер, суретшілер, хореографтар. Олардың көпшілігі бұл жерге бала кезінде келіп, бүгінде ұстаз болып еңбек етуде. Көрермен қолдап, қошемет көрсеткенде – бұл жаңа шығармашылыққа шабыт береді», – деді ол.
Сөз соңында Рауза Кашенева барлық әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтап, зор денсаулық, шабыт пен жаңа жетістіктер тіледі. Салтанатты шара Солтүстік Қазақстан облысының дамуына үлес қосқан түрлі сала өкілдеріне алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстаумен жалғасты.
