Ербол Хамитов Астанаға оралғаннан кейін чемпионға пәтер сыйға тартылды

17 наурызға қараған түні Астана әуежайында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы және қола жүлдегері Ербол Хамитовты, сондай-ақ Қазақстанның парашаңғы жарысы мен парабиатлоннан ұлттық құрамасын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды QZ NEWS Kazinform-ға сілтеме жасап.
Чемпионды әуежайда туыстары, жанкүйерлері және спорт қауымдастығының өкілдері күтіп алды. Ерекше спорттық жетістіктерін бағалау белгісі ретінде Ербол Хамитовқа Астанадан екі бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.
Қазақстандық паралимпиадашы Ербол Хамитов журналистерге спорттағы жолы мен Паралимпиада медальдарына жету барысында бастан өткерген сынақтары туралы айтып берді.
Спортшының айтуынша, 19 жасында ол ауыр жарақат алған – тізесіне оқ тиіп, соның салдарынан аяғына ампутация жасауға тура келген. Соған қарамастан, ол спортқа қайта оралуға күш тапқан. Жарақат алғанға дейін Хамитов грэпплинг пен күреспен айналысқан.
«Мен ұзақ уақыт бойы мүгедек болғанымды қабылдай алмадым, жаңа өмірге бейімделу қиын болды. Бірақ тәлімгерлерімнің арқасында өзіме деген сенімімді қайта тауып, биатлон және шаңғы жарысымен айналыса бастадым», – деді спортшы.
Хамитов үшін қаржылай марапаттардан гөрі өмірлік құндылықтар мен өзгелерге үлгі болу маңызды екенін атап өтті.
«Ақша мен үшін ешқашан бірінші орында болған емес. Ең бастысы – ар-намыс пен қадір-қасиет, кез келген жағдайда адам болып қалу. Медальдар мен сыйақылар – әрине, қуантады. Бірақ мен үшін ең үлкен марапат – өзгелерге үлгі болып, оларға шабыт беру», – деді ол.
Спортшы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың да үлкен рөл атқарғанын айтты.
«Егер Туризм және спорт министрлігі бізді қолдамағанда, егер мемлекет басшысы қолдау көрсетпегенде, бәлкім мен бүгін осы жерде тұрмас едім», – деді Хамитов.
Паралимпиададағы өнері туралы айта келе, ол шаңғы жарысындағы қола медальді ерекше бағалайтынын жеткізді.
«Биатлонда алғашқы күндері ату кезінде психологиялық тұрғыда қиындықтар болды. Бірақ күресті тоқтатпадым. Ал шаңғы жарысында тартыс өте күшті болды – көшбасшыдан небәрі бір секундқа ғана қалып қойдым. Сондықтан мен үшін қола медаль кейде алтыннан да қымбат», – деп түсіндірді спортшы.
Хамитов өзіне сенімділікті сақтауға не көмектескенін де айтып берді.
«Мен өзімді қайтадан шанамен сырғанап жүрген бала ретінде елестететінмін. Бұл маған сенімділік пен шабыт берді», – деді ол.
Спортшы болашақта жазғы спорт түрлерінде де өнер көрсету мүмкіндігін қарастырып жүргенін айтты.
«Алдағы мақсат – жарыстарға қатысып, жаңа старттарға дайындалу. Сонымен қатар параескек есу мен параканоэ спорт түрлерінде жазғы Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін қарастырудамыз. Бірақ әзірге нақты айту ерте – жаттықтырушылармен бірге шешім қабылдап, дайындықты мұқият жоспарлау қажет», – деді ол.
Ербол Хамитов сондай-ақ Қазақстан жастарын қиындықтардан қорықпауға және өз күшіне сенуге шақырды.
Еске салайық, 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов парабиатлоннан ерлер арасындағы 4,5 шақырымдық қуып жету жарысында 9 минут 39 секунд нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алған болатын.
