ҚР Ауыл шаруашылығы министрі солтүстікқазақстандықтарға үндеу жасады
Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымында бір жылға жуық қызмет атқарды. Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, бұл күрделі және табысты кезең болды, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
«Осы қызметке кіріскен күннен бастап, Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға, туған жерімнің дамуына, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бар күш-жігерім мен тәжірибемді жұмсадым. Осы уақыт ішінде барлық аудандарды аралап, шалғай ауыл тұрғындарымен кездестім. Біз әр ауданның, жалпы облыстың даму жоспарын әзірледік», – дейді Айдарбек Сапаров.
Азамат басшылық еткен кезеңде Петропавл көшелерін жөндеу, ауыл инфрақұрылымын дамыту, жаңа көпқабатты үйлерді абаттандыру, медициналық нысандарды салуға қомақты қаржы бөлінді. Өңірде жаңа мектептер мен балабақшалардың құрылысы басталмақ.
«Туған жерде еңбек ету – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Барша солтүстікқазақстандыққа бірлескен қызмет пен үлкен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Солтүстік Қазақстан облысының даму мүмкіндігі мен әлеуеті зор. СҚО әкімі болып тағайындалған Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетовке жауапты қызметте биік белестерді бағындырып, абыройлы қызмет атқаруына тілектеспін. Туған жерім көркейе берсін, жерлестеріме береке мен молшылық тілеймін!”,- деді Айдарбек Сапаров Facebook парақшасында.