Петропавлдықтар түнгі тыныштықты жиі бұза бастады
Петропавлда түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактісі өзекті болып қала береді. Шулы кештер, жанжалдар мен төбелестер, қатты музыкамен өтетін басқосулар қарбалас күннен шаршаған адамдардың, зейнеткерлер мен балалардың қалыпты демалысына кедергі келтіреді. Көбінесе мәселенің көзі – тәуліктік пәтерлер. Жылы күндері мұндай фактілер көпқабатты үйлердің аулаларында да орын алады, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Өткен демалыс күні түнгі сағат 03:00 шамасында Бостандық көшесіндегі бір үйдің тұрғыны полицияға хабарласып, үш жастың үстінен арыз жазды. Жастар түнгі тыыныштықты бұзып қана қоймай, өзара төбелесен. Келген бойда полицейлер тәртіп бұзушыларды анықтады. Олардың екеуі мас күйінде қоғамдық орында жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал үшіншісі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 437-бабы негізінде тыныштықты бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір оқиға Гоголь көшесінде орналасқар үйде болды. Жалдамалы пәтер тұрғындары арасында түсініспеушілік орын алған. Көрші баспананың тұрғыны бір түнде полицияға екі рет хабарласқан. Бірінші рет азамат жаза қолдануды талап етпейтінін айтып, арыз жазбаған. Өкінішке қарай, профилактикалық әңгімесуден кейін жағдай дұрысталмаған. Тыныштық хаттама толтырылғаннан кейін орнаған.
«Жұмыс күндері кешкі сағат 22:00-ден 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері кешкі сағат 23:00-ден 10-ға дейін тыныштықты бұзған тұлғалар 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды. Егер тәртіп бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 10 АЕК-ке дейін өседі. Бар болғаны сегіз айда қала бойынша 1414 тыныштықты бұзу фактісі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1353-ті құрады. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарын өзгелердің демалуға құқығы бары туралы ұмытпауға шақырамыз», – деп еске салады қалалық ПБ ЖПҚ бастығы Ксения Ищенко.