Петропавловск
+21°C
Главная страница » Спорт » Петропавлда алғаш рет ерекше балаларға арналған спорт мерекесі өтті

Петропавлда алғаш рет ерекше балаларға арналған спорт мерекесі өтті

Спорт сарайында «Көк трактор» атты балалар инновациялық даму орталығының тәрбиеленушілеріне арналған спорт мерекесі өтті. Іс-шара бағдарламасына әртүрлі қашықтыққа жүгіру және доп лақтыру сайысы кірді, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.

Петропавлда алғаш рет «ерекше» қажеттілі бар балаларға арналған спорттық шара өтті. Оған 120-ға жуық бала қатысты. Бағдарламаға 60 және 200 метрге жүгіру, сондай-ақ доп лақтыру сайысы кірді. Спорттық іс-шараның басты мақсаты – кез келген адамның спортпен айналыса алатынын көрсету.

«Дарынды емес бала жоқ. Кейбіреулер үшін спорт бұл – Олимпиада, халықаралық немесе республикалық жарыстар. Біздің балалар үшін бұл – жай ғана көңіл көтеру мүмкіндігі. Бұл олардың спортқа жасаған алғашқы қадамы деп айтуға болады. Бұл акция арқылы біз барлық баланың тең екендігін, өмір сүру ортасы оларға қоғамда әлеуметтенуге мүмкіндік беретінін көрсеткіміз келеді», – деп атап өтті «Көк трактор» балалар инновациялық-дамыту орталығының басшысы Евгения Бойко.

Дертке қарамастан, бүгінгі күн балалар үшін нағыз спорт мерекесіне айналды, барлығы барын салып, көңіл көтерді. Ұйымдастырушылар мұндай достық жарыстарды игі дәстүрге айналдырып, жыл сайын өткізгісі келеді. Бұл күні жеңімпаздар мен жеңілгендер болған жоқ. Барлық бала демеушілерден тәтті сыйлықтар алды, ең бастысы көңіл-күй көтерді.

Shares