СҚО-да интернет-алаяқтықтың 31 эпизодына қатысы бар «дроповодтар» тобына үкім шығарылды

Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтардың схемаларына «дроптарды» тартумен айналысқан 20 мен 25 жас аралығындағы бес жас азаматқа қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі. Тергеу олардың қылмыстық әрекеттің 31 эпизодына қатысы бар екенін дәлелдеді.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер 2025 жылдың шілде айында ұсталған. Тергеушілер жинаған материалдар алаяқтық схеманың толық тізбегін анықтауға мүмкіндік берді. Онда негізгі ұйымдастырушылар шетелде әрекет еткен болса, олардың сыбайластары Қазақстан аумағында болған.
Қылмыскерлер азаматтарға ұялы байланыс операторларының, банктердің және түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде хабарласқан. Әртүрлі сылтаулармен олар адамдарды SMS-хабарламалардағы кодтарды айтуға көндірген. Кейін схеманың басқа қатысушылары жәбірленушілерді жинақтарына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, үрейге салған.
Алдауға сенген азаматтар ірі көлемде несие рәсімдеп, ақшаларын «қауіпсіз шоттарға» аударған. Шын мәнінде, бұл шоттар «дроптардың» атына рәсімделген болған және ұрланған қаражат солар арқылы Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылып отырған.
Сотталған солтүстікқазақстандықтар дәл осындай делдалдарды іздеумен айналысып, әрбір жүргізілген транзакциядан пайыз алып отырған.
«Мұндай схемаларға, тіпті делдал ретінде қатысудың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Тергеу барысында айыпталушылардың интернет-алаяқтықтың ондаған эпизодына қатысы бары анықталды», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сот шешімімен биылғы мамыр айында «дроповодтар» екі жылдан алты жыл сегіз айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот жәбірленушілердің талап-арыздарын ішінара қанағаттандырды. Енді сотталғандар бірқатар эпизодтар бойынша келтірілген шығынды өтеуге міндетті.
Ең ірі жағдайлардың бірі Петропавл қаласының тұрғынына қатысты болды. Ол сәлемдемені алу үшін қажет деп ойлап, алаяқтарға SMS-кодын айтып қойғаннан кейін 22,8 миллион теңгесінен айырылған.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
