Облыс әкімі Қызылжар ауданында нысандарды аралады

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды. Сапар барысында ол әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Алғашқы барған нысандардың бірі – Долматово ауылы маңында орналасқан «Ақ-Ирий қалашығы» археологиялық ескерткіші болды. Бұл – ерте темір дәуірінің ең маңызды ескерткіштерінің бірі әрі Қазақстан аумағындағы сақ кезеңіне жататын ең солтүстік қалашық. Мұнда көптеген жылдар бойы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, өңір тарихының жаңа беттері ашылуда.
Бірегей ескерткішті зерттеуге белгілі археолог Анатолий Плешаков зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен Kozybayev University студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырып, облыстың тарихи-мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға атсалысып келеді.

Сапар барысында өңір басшысы 80 орынға арналған «Серебряный бор» балалар сауықтыру лагеріне де барды. Лагерьде оқушылардың қауіпсіз әрі сапалы жазғы демалысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Сондай-ақ Ғауез Нұрмұхамбетов ауысымына 250 адам қабылдайтын жаңа емхананың құрылысымен танысты. Денсаулық сақтау нысаны аудан тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі аудандық қазандықты қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Нысанды жаңғырту тұрғындарды тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жұмыс сапары барысында тұрғын үй саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бескөл ауылында жаңа 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілттерін тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Қоныс тойын әлеуметтік осал санаттағы азаматтар атап өтті. Олар баспананы Отбасы банк бағдарламалары аясында алды», – деп хабарлады СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ауданның дамуына әлеуметтік жауапты бизнес те елеулі үлес қосуда. Жергілікті «RM Stone» ЖШС-нің қолдауымен Бескөл ауылының кіреберісінде құны 176 миллион теңге болатын заманауи сквердің құрылысы жалғасуда.
Жұмыс сапарының тағы бір бағыты – Бескөл маңындағы орман питомнигін құру жобасы жүзеге асырылып жатқан аумақ болды. Жобаның іске қосылуы өңірді сапалы көшет материалымен қамтамасыз етіп, орманды қалпына келтіру жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді және Солтүстік Қазақстан облысының орман қорын сақтау мен көбейту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Сапар соңында облыс әкімі Қызылжар ауданының тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог барысында халықты толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды.
