Qyzyljar АЭА Солтүстік Қазақстан облысының экономикалық жаңғыруының басты қозғаушы күшіне айналып келеді

Солтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, цифрландыру және креативті экономиканы қолдау жөніндегі тапсырмалары бүгінде ірі жобалар, жаңа өндірістер мен заманауи білім беру алаңдары арқылы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Өңірдің экономикалық жаңғыруының басты нышандарының біріне айналған Qyzyljar арнайы экономикалық аймағы жаңа өндірістерді дамыту мен инвестиция тартуға арналған маңызды алаң ретінде қалыптасып келеді. Бүгінде арнайы экономикалық аймақтың сегіз қосалқы аймағында 21 инвестор өз жобаларын жүзеге асыруда. Жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 317 миллиард теңгеден асады. Қазіргі уақытта бес кәсіпорын іске қосылып, шамамен 700 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал аймақтың одан әрі дамуы нәтижесінде тағы төрт мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында тамақ өнеркәсібі, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жобалар жүзеге асырылуда. Бес кәсіпорын өз жұмысын бастап үлгерсе, өзге өндіріс орындары іске асырудың түрлі кезеңдерінде тұр.
Инженерлік инфрақұрылым құрылыстарын жеделдету мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен Арнайы мемлекеттік қор қаражатынан арнайы экономикалық аймақты дамытуға 9,6 миллиард теңге бөлінді.
Бұл қаражат автомобиль жолдарын, теміржол тармақтарын, инженерлік желілерді салуға және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен мен шикізатты терең өңдеу салаларындағы жаңа өндірістерді іске қосуға қажетті жағдай жасауға бағытталуда.
