Петропавловск
+21°C
Главная страница » Заң және тәртіп » Қазақстанда «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен 12 мыңға жуық есірткі сайты бұғатталды

Қазақстанда «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен 12 мыңға жуық есірткі сайты бұғатталды

June 29, 2026 14:06

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Басым бағыттардың бірі – қылмыстық топтар өз қызметін ұйымдастыру үшін заманауи технологияларды кеңінен пайдаланатын цифрлық кеңістікте тыйым салынған заттардың таралуына тосқауыл қою.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде есірткіге қатысты 3 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның шамамен 1,5 мыңы есірткі қылмыстары санатына жатады. Осы кезеңде алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндіретін 12 зертхана мен 42 фитозертхана жойылды.

Интернет кеңістігінде де ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен тыйым салынған заттарды жарнамалау және сатумен айналысқан 12 мыңға жуық интернет-ресурс бұғаттауға жолданды.

Ұлттық банкпен бірлесіп есірткі бизнесіне қатысты қаржы ағындарының жолын кесу бойынша да шаралар қабылдануда. Бүгінде жалпы сомасы 107 миллион теңгеден асатын күмәнді қаржылық операциялар тоқтатылып, шамамен 125 мың шетелдік төлем картасы бұғатталды. Сондай-ақ 20 мың криптовалюталық әмиянға қатысты ақпарат тексерілуде.

ІІМ мәліметінше, синтетикалық есірткілер бұрынғысынша ең үлкен қауіп төндіруде. Заңсыз айналымнан 466 келі синтетикалық есірткі және 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.

Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар да жалғасуда. Жыл басынан бері мектептер мен жоғары оқу орындарында есірткіге қарсы бағытталған 6,5 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 8 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Қазақстан трансұлттық есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды нығайта отырып, халықаралық ынтымақтастықты да дамытуда.

«Есірткі қылмысына қарсы кешенді жұмыс қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардың денсаулығын қорғау және өскелең ұрпақтың болашағын сақтау мақсатында алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Shares