СҚО-да облыстық мемлекеттік архивтің 100 жылдығы аталып өтті
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивіне биыл тура 100 жыл толып отыр. Жақында тарих қоймасының қабырғасында ашық есік күні өтіп, оған қоғам қайраткерлері мен еліміздің өзге өңірлерінен шақырылған қонақтар қатысты, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Шараға қатысушыларға «Солтүстік Қазақстан облысының архив қызметіне 100 жыл» деректі фильмі мен «Архив – тарихтың асыл қазынасы» атты көшпелі көрме ұсынылды. Онда жиналғандарға архивте алғаш жарияланған аса құнды құжаттар көрсетілді: Ақмола губерниялық атқару комитетінің губерниялық мұрағат бюросын құру туралы қаулысы, Солтүстік өңірдегі Алаш қайраткерлері – Мағжан Жұмабайдың, Смағұл Сәдуақасұлы, Жұмағали Тілеулиннің өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар, Жоғары Орталық Атқару Комитеті Президиумының Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының жаңа облыстарын құру туралы қаулысы, Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық иегерлері туралы құжаттар, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласының тарихы сәулет ескерткіштерінің суреттері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезіндегі құжаттар бар.
Шара барысында республика мұрағаттарының басшылары мен қызметкерлері мұрағат ісінің негізгі мәселелерін талқылап, мұрағат заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.