Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » Мағжан Жұмабаев ауданында ҚР Судьялар одағының 30 жылдығына арналған конференция өтті

Мағжан Жұмабаев ауданында ҚР Судьялар одағының 30 жылдығына арналған конференция өтті

September 1, 2026 11:16

Мағжан Жұмабаев ауданында қазақтың көрнекті ақыны, ағартушысы әрі қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаевтың мұрасына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара ҚР Судьялар одағының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Конференцияға облыстық сот төрағасы Серікжан Ғабдулин, ҚР Судьялар одағының облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Жайжұманов, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Бердібек Мұстафин, СҚО бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Манас Бурашев, жергілікті атқарушы органдардың, Ардагерлер кеңесінің және қоғам өкілдері қатысты.

Жиында М. Жұмабаевтың рухани және мәдени мұрасына, оның ұлттық мәдениет пен білім берудің дамуына қосқан үлесіне, сондай-ақ ақынның педагогикалық және философиялық көзқарастарына ерекше назар аударылды.

Құттықтау сөз сөйлеген Серікжан Ғабдулин Мағжанның идеялары мен еңбектерінің қазіргі қоғам үшін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті.

«М. Жұмабаевтан қалған мұра, оның педагогикалық және философиялық көзқарастары, ой-толғамдары судьялар қауымдастығы үшін де ерекше маңызға ие», — деді облыстық сот төрағасы.

Ол конференция қатысушыларына жемісті жұмыс, мазмұнды пікірталас, жаңа ғылыми идеялар мен кәсіби жаңалықтар тіледі. Іс-шара аясында қонақтар Magzhan Creative & IT Center орталығына да барып, оның жұмысымен және жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Конференция Қазақстанның рухани, тарихи және мәдени мұрасын сақтау әрі кеңінен насихаттау мәселелері төңірегінде сот қауымдастығы мен қоғам өкілдерінің басын қосты.

Shares