Петропавловск
+21°C
Главная страница » CҚО » 1 қыркүйекте Петропавлдағы Бірінші гимназияда 99 бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттады

1 қыркүйекте Петропавлдағы Бірінші гимназияда 99 бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттады

September 1, 2026 13:00

1 қыркүйекте СҚО мектептерінде жаңа оқу жылын бастап, алғашқы қоңырау соғылды. Өңір бойынша мыңдаған оқушы мектеп партасына отырса, 6 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы үшін бұл күн өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына айналды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Өңір мектептеріндегі салтанатты жиындар 45 минуттан аспайтын уақыт аралығында өтті. Дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Әнұран орындалды.

Барлық сыныпта «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азаматты, зияткер ұлтты және жауапты қоғамды қалыптастырудың негізі» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылды. Оқушыларға «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» қағидаттары, жеке жауапкершілік, заң мен еңбекке құрмет көрсету туралы айтылды. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселелеріне және жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллектке ерекше назар аударылды.

Петропавлдағы Бірінші гимназияда 99 бала алғаш рет мектеп партасына отырды. Мұнда төрт бірінші сынып жасақталған. Оның үшеуі – орыс тілінде, біреуі қазақ тілінде білім алады. Жаңа оқу жылында гимназиядағы оқушылардың жалпы саны 990-ға жетті.

Гимназия директоры Татьяна Анцибордың айтуынша, білім ордасы өзінің дәстүрін сақтай отырып, заманауи талаптарға сай дамып келеді.

«Бірінші гимназия – тарихы терең инновациялық білім беру мекемесі. Былтыр мектебіміздің 60 жылдығын және гимназия ретінде құрылғанымызға 35 жыл толғанын атап өттік. Осы жылдар ішінде Бірінші гимназия білім саласындағы көшбасшылық туын абыроймен ұстап келеді», – деді Татьяна Анцибор.

Оның сөзінше, ұжым жұмысының нәтижесін оқушылардың жетістіктері де айғақтайды. Гимназия қалалық инновациялық мектептер арасында бірінші орында тұр. Ал 2023 жылы Қазақстанның үздік он мектебінің қатарына енген. Оқушылары республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Директордың айтуынша, мұндай білім нәтижелерінің артында ең алдымен ұстаздардың еңбегі тұр.

«87 адамнан тұратын ұжымымыз бір мақсатқа жұмылып, алға қарай ұмтылып, мемлекет алдымызға қойып отырған барлық жаңашылдықты енгізуге қабілетті. Төрт педагогтің «шебер» санаты бар, 35-і – педагог-зерттеуші, біреуі – педагог-сарапшы. Жастарды да мектепке жұмысқа қабылдаймыз. Өйткені олардың үйренер тәжірибелі ұстаздары бар», – деп атап өтті ол.

Гимназияның даму бағыттарының бірі – қазақ тілінде білім беретін сыныптар санын арттыру. Олар СҚО әкімі аппаратының бастамасымен үш жыл бұрын ашылған. Жаңа оқу жылында мұнда кезекті қазақ тілді бірінші сынып жасақталды.

Эльвира Жанахметова үшін мектеп таңдау – саналы шешім. Отбасында төрт бала бар. Үлкен қызы бесінші сыныпта, екіншісі екінші сыныпта оқиды. Ал кенже ұлы биыл бірінші сыныпқа барды. Тағы бір баласы балабақшаға қатысады.

«Ұлым қазақ тілінде білім беретін бірінші сыныпқа барды. Бұл – біз үшін жаңалық. Баламыздың ана тілін үйренетініне өте қуаныштымыз», – деді анасы.

Эльвира Жанахметованың айтуынша, отбасы Бірінші гимназияны мұғалімдер мен оқушылардың білім деңгейі туралы жақсы пікірлер естігеннен кейін таңдаған.

«Мұнда педагогикалық құрам өте мықты, балалардың дайындығына көп көңіл бөлінеді. Бірінші сыныптан бастап ағылшын және қазақ тілдері тереңдетіліп оқытылады. Маған мұндағы тәртіп те ұнайды: барлығы нақты әрі жүйелі», – деп бөлісті ол.

Гимназияда балалардың білім алуымен қатар, жан-жақты дамуына да жағдай жасалған. Театр және спорттық іс-шаралар, шығармашылық байқаулар, түрлі сапарлар мен бірлескен жобалар оқушылардың қабілетін ашып, ұжым ішіндегі қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Бұл үдеріске ата-аналар да белсенді қатысады.

«Мектеп «мұғалім – ата-ана – бала» жүйесі бойынша тығыз жұмыс істейді. Маған балалардың оқуына ғана емес, жан-жақты дамуына да көңіл бөлінетіні ұнайды. Оқушылар үшін түрлі іс-шаралар, спорттық және шығармашылық сабақтар ұйымдастырылады. Сондықтан үшінші баламды да осы мектепке бердім», – деді Эльвира Жанахметова.

Shares