Петропавлда экологиялық марафон өтті

Петропавлда спорттық жарыс пен экологиялық ағартушылықты ұштастырған «Табиғатқа қадам» экологиялық марафоны өтті. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бес адамнан құралған төрт команда 60 минут ішінде бірнеше кезеңнен өтті. Қатысушылардан жылдамдық пен дене дайындығымен қатар, тапқырлық, ұйымшылдық және қоршаған ортаға жауапкершілік таныту талап етілді. СҚО Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Анастасия Волкова марафонның басты мақсаты – экологиялық тақырыпты белсенді әрі заманауи формат арқылы насихаттау екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қатысушылар үшін мәреге бірінші болып жету ғана емес, командалық жұмысты және экологиялық жауапкершілікті көрсету маңызды болды. Алғашқы кезең «Эко-старт» деп аталды. Жаттығудан кейін командалар белгіленген бағыт бойынша қозғалып, келесі кезеңге жеткенде пазл бөлшектерін алды. Оларды жинап болған соң ғана жарысты жалғастыра алды.
«Эко-эстафета» кезеңінде қатысушыларды кедергілер жолағы күтіп тұрды. Олар конустарды айналып өтіп, шағын кедергілерден секіріп, шартты «эко-жүкті» тасып, эстафетаны команданың келесі мүшесіне табыстады.
Практикалық бөлімге де ерекше көңіл бөлінді. «Таза бағыт» кезеңінде жастарға қолғап пен қаптар беріліп, белгілі бір аумақтағы қауіпсіз қоқыстарды жинау тапсырылды. Жиналған қалдықтарды кейін мәреге жеткізу қажет болды. Марафон «Эко-финиш» кезеңімен аяқталды. Мұнда жылдамдық басты өлшем болған жоқ. Қатысушылар жиналған қоқысты арнайы контейнерлерге дұрыс сұрыптауы тиіс болды.
«Қозғалыс қадамнан басталады. Табиғатқа қамқорлық та солай. Таза әрі салауатты болашаққа бірге қадам басайық!» – деген үндеумен экологиялық марафон қорытындыланды.
