ҚазҰӨУ мен Kozybayev University жаңа оқу жылындағы жұмыс жоспарларын талқылады

Петропавлда Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ресми түрде ашылды. Білім күніне орай ҚазҰӨУ мен Kozybayev University ұжымдары мен студенттері жаңа оқу жылына арналған жоспарларды талқылады. Жаңа филиалда Қазақстанның әр өңірінен келген 97 жас білім алады, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Кездесуге Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Ол солтүстік өңірлер үшін мұндай оқу орнын ашу – алғашқы тәжірибе екенін атап өтті.
«Солтүстікте өнер саласының бағыттарымен байланысты бірде-бір университет болған жоқ. Сондықтан Солтүстік Қазақстанды сіздер сияқты көзі оттай, өнерге деген құштарлығы жоғары жастармен толықтыру туралы идея пайда болды», – деді ол.
Өмірін музыкамен байланыстыруды шешкендердің бірі – бірінші курс студенті Арлан Мұхаметжанов. Ол бес жасынан бері өнер саласымен айналысып келеді. Жоғары оқу орнына түсуі – үлкен арманына бастар жолындағы кезекті қадам.
«Мен Семей қаласынан келдім. Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищені бітірдім. Төрт жыл оқып, «Академиялық ән айту» мамандығын алдым. Енді әрі қарай кәсіби тұрғыда дамып, мансап жолында өсу, беделді әрі жалақысы жоғары жұмыс тауып, өз саламның білікті маманы болу үшін жоғары оқу орнына түсуге шешім қабылдадым», – деді ол.
Айта кетейік, әзірге сабақтар Kozybayev University базасында өтеді. Ал келесі жылы студенттер үшін 600 орындық арнайы оқу ғимараты және 250 көрерменге арналған концерт залы салынады.
