Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Бескөлдегі жәрмеңкеге төрт тонна ет пен 80 мың жұмыртқа әкелінді

Бескөлдегі жәрмеңкеге төрт тонна ет пен 80 мың жұмыртқа әкелінді

September 2, 2026 14:11

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Онда жергілікті өндірушілер тұрғындарға азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерін, мал азығы мен отын ұсынды. Сатып алушылар үшін бұл қажетті азық-түлік қорын қолжетімді бағамен толықтыруға мүмкіндік болса, шаруалар өз өнімдерін ауыл тұрғындарына тікелей таныстырды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Жәрмеңке басталған сәттен-ақ келушілердің назарын ет өнімдері аударды. Сауда сөрелеріне шамамен төрт тонна ет қойылды. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой және құс еті бар. Жұмыртқа өнімдеріне де сұраныс жоғары болды. Шамамен 80 мың дана жұмыртқа төмендетілген бағамен сатылды. Жұмыртқаларды «Фирма Алекри» ЖШС, «Птичий двор» және «Адель Кус» кәсіпорындары ұсынды.

Жәрмеңкеге өз өнімдерін басқа да жергілікті өндірушілер әкелді. Кулинич жеке кәсіпкерлігі 100 келіге жуық балық өнімін ұсынса, тағы 200 келі бал сатылымға шығарылды.

Ұн, ұннан жасалған және макарон өнімдері де назардан тыс қалмады. Виноградов ауылдық округі мен «Агрофирма Виноградовка» ЖШС жәрмеңкеге 1,5 тонна ұн және ұн өнімдерін жеткізді. Ал «Сұлтан-Маркетинг» кәсіпорны 500 келі макарон өнімдерін ұсынды. Рассветов ауылдық округіндегі «Росляков Н.Н.» шаруа қожалығының картобы келісі 150 теңгеден сатылды.

Сатып алушылар үшін жәрмеңкенің басты артықшылықтарының бірі – өнімдердің едәуір бөлігінің тікелей жергілікті өндірушілерден жеткізілуі.

«Мұндай жәрмеңкелер ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы. Мұнда қажетті азық-түлікті тиімді бағамен сатып алуға болады. Оның үстіне өнімді тікелей жергілікті өндірушілерден аласың. Қазір бұл әсіресе өзекті. Өйткені көптеген отбасы азық-түлік қорын жинап, күз бен қысқа дайындалып жатыр», – деді Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны.

Алайда жәрмеңке тек азық-түлік өнімдерімен шектелген жоқ. Ұйымдастырушылар ауыл шаруашылығына қажетті өнімдерді де сатып алу мүмкіндігін қарастырған. Сауда алаңында шамамен 10 тонна шөп, 10 тонна мал азығы, сондай-ақ арпа, бидай және сұлы сатылды.

Пешпен жылытылатын жеке үйлердің тұрғындары үшін де шамамен 50 текше метр отын қолжетімді бағамен ұсынылды.

Shares