Петропавлда өртеніп кеткен нысанның орнына салынып жатқан спорт манежі құрылысы соңғы кезеңге жетті

Петропавлда «Қызылжар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне арналған жабық футбол манежінің құрылысы жалғасуда. Жаңа спорт нысаны бұған дейін өртеніп кеткен ғимараттың орнына «Жастар» стадионы аумағында салынуда. Құрылысты биыл аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Бұл туралы СҚО әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Құрметті достар! Биыл «Жастар» стадионында «Қызылжар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорттық футбол манежінің құрылысын аяқтаймыз. Өздеріңіз естеріңізде болса, ол бұрын өртеніп кеткен нысанның орнына салынып жатыр. Облыста спортшыларға әрдайым жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Спортшыларымыздың нәтижелері де соның дәлелі!» – деп жазды Нұрлан Кеңесов.
Құрылыс алаңында жұмыстардың едәуір бөлігі орындалған. «Лира» ЖШС учаске бастығы Ержан Ажибаевтың айтуынша, мамандар бұрғыланып құйылатын қадаларды, жылу оқшаулағышы бар ростверкті және нысанның іргелес аумағын абаттандыру жұмыстарын аяқтаған. Негізгі металл конструкцияларын монтаждау да іс жүзінде аяқталды.

«Барлық аркалар орнатылды, прогондар да қойылды. Қазір металл қаңқаны күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде газ-электр дәнекерлеушілер, сырлаушылар және қасбет мамандары жұмыс істеуде», – деді Ержан Ажибаев.
Нысанда екі автокөтергіш және автокран жұмыс істеп тұр. Қажет болған жағдайда құрылыс алаңы қосымша техникамен және жұмысшылармен қамтамасыз етіледі. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Құрылыс аяқталғаннан кейін манеж «Қызылжар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне жаттығуға және спорттық іс-шаралар өткізуге арналған заманауи алаңға айналмақ. Нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
