Қызылжар ауданында Баекиндер отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ысталған өнім цехын ашты

Алты жыл бұрын Баекиндер отбасы Астанадан Қызылжар ауданының Подгорное ауылына көшіп келген. Олар қаланың қарбалас тіршілігін туған жерге жақынырақ, ауылдың тыныш өміріне айырбастауды жөн көрген. Алғашқы уақытта отбасы бар күшін үйді абаттандыруға және жайлы жағдай жасауға жұмсаған. Кейін Баекиндер өз кәсібін ашуды ойластыра бастаған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Әлия Баекинаның айтуынша, өндіріс ісімен айналысу идеясы біртіндеп қалыптасқан. Кәсіп бағыты ретінде ысталған ет өнімдерін өндіруді таңдаған.
«Алғашқы жылдары үйдің шаруасымен айналысып, оны абаттандырдық. Қалада ұзақ жылдар тұрғаннан кейін мұнда да сондай жайлы жағдай жасағымыз келді. Бұл мақсатымызға жеттік. Кейін өз кәсібімізді ашып, дамыту туралы ойлана бастадық. Әрдайым өзімізге және жақындарымызға экологиялық таза өнім өндіргіміз келетін. Ысталған өнімді көпшілік жақсы көреді. Осылайша болашақ кәсіптің идеясы дүниеге келді», – деді Әлия Баекина.
Жоспарын жүзеге асыру үшін отбасы «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын пайдаланған. Баекиндер қажетті құжаттарды жинап, жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. Қаражатты ыстау цехына қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсауды жоспарлаған.
Өтінім мақұлданды. Кәсіпкерлер несие қаражатына заманауи ыстау камералары мен ет өнімдерін өндіруге арналған басқа да жабдықтарды сатып алды. Болашақ цехқа арналған ғимаратты отбасы алдын ала үйінің жанынан салып қойған.
Жабдықтар Лисаковск қаласындағы отандық өндірушіден сатып алынған. Әрбір ыстау камерасына 150 келіге дейін өнім салуға болады. Өндіріске қажетті шикізатты Баекиндер сенімді жеткізушілерден сатып алып, олармен тиісті келісімшарттар жасасады.
Отбасы үшін бұл тек табыс көзі ғана емес, ауыл тұрғындарына өздері өндірген өнімді ұсынуға мүмкіндік. Кәсіпкерлер өнім сапасына, шикізаттың тазалығына және өндіріс технологиясының сақталуына басымдық береді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын, шағын қалалардағы кәсіпкерлерді, жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген фермерлерді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және тұтыну кооперативтерін қолдауға бағытталған.
Стандартты жобалар үшін берілетін қарыздың ең жоғары мөлшері – 2500 АЕК, ал қайта өңдеу және кооперацияға қатысты жобалар үшін 8000 АЕК-ке дейін. Ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бизнес жобалары үшін несие беру мерзімі бес жылға дейін, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салалары үшін жеті жылға дейін. Несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу бойынша кеңесті «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімінен алуға болады.
Мекенжайы: Петропавл қаласы, Н. Назарбаев көшесі, 69.
Телефон: +7 (7152) 50-27-16.
