СҚО-да рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмысы жалғасуда
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өкілдерінің мәліметі бойынша биыл Солтүстік Қазақстан облысында қоқыс қалдықтарын төгетін 274 орын анықталған. Соның 198-і заңсыз болса, қалған 76-ның жағдайы мәз емес, деп хабарлайды QZ Media тілшісі.
Бұл туралы «AMANAT» партиясының СҚОФ жанындағы экологиялық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысында айтылды. СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың мәліметінше өңірде 267 полигон жойылған.
«Жалпы облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдыққа арналған 453 орын бар. Оның 102-сінде жер актілері жоқ. Рұқсат құжаттамасы тек өңірдің 11 полигонында ғана бар»,- деп атап өтті СҚО бойынша экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Өңірде осы мәселеге қатысты арнайы мобильді топ құрылған. Оның құрамына полицейлер, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері және экология департаментінің қызметкерлері кіреді. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбахтың сөзіне қарағанда, арнайы жұмыс тобы аймақта рұқсат етілмеген 61 қоқыс орнын анықтаған.
«Жалпы соңғы 10 айда 13431 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 2503-і ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (жалпы пайдалану орындарының ластануы) бойынша болса, қалған 10928-іне ҚР ӘҚБтК 505 бабы бойынша (абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша хаттама толтырылды. Оларға жалпы сомасы 44 546 385 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Оның 26 124 884 теңгесі өндірілді»,- деді Александр Розбах.