Қытайлық Mengniu Dairy компаниясы СҚО-ның сүт өндірісіндегі әлеуетін зерделеді

Солтүстік Қазақстан облысына Қытайдағы ірі сүт өндіруші компаниялардың бірі – China Mengniu Dairy Company делегациясы келді. Сапар өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың шақыруымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Mengniu Dairy – Қытайдағы сүт өнімдерін өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Компанияның өндірістік желісінде 60-тан астам кәсіпорын бар. Ал жүйедегі ірі қара малдың жалпы саны шамамен 500 мың басты құрайды.
СҚО-ға сапар барысында қытайлық компания өкілдері өңірдегі сүтті мал шаруашылығы мен сүт өңдеу саласының дамуымен танысты. Делегация «Қызылжар Сүт» сүт-тауар фермасында, «Молсервис» сүт зауытында және Salar Farms компаниясының жоңышқадан түйіршіктелген жем өндіретін салынып жатқан зауытта болды.
Кездесулер барысында сүт өндіру мен өңдеу көлемін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, жем-шөп базасының тиімділігін көтеру және сүт-тауар фермаларын дамыту мәселелері талқыланды.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастық өңірге заманауи технологиялар мен инвестиция тартуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және жаңа өндіріс орындарын құруға мүмкіндік береді. Өңір тарапы сүтті мал шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласындағы нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі.
Тараптар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын да талқылады. Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, сүт-тауарлы фермаларын салу және дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін арттыру мәселелері сөз болды.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің нарықтарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне де назар аударды. Атап айтқанда, қытайлық өнімдерді өңірлік нарықтарға шығару және екі елдің компаниялары арасындағы кооперацияны дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Mengniu Dairy өкілдері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларымен және өңірдің ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерімен танысты.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар келіссөздерді жалғастыруға мүдделі екенін растады. Келесі кезеңде сүтті мал шаруашылығы, сүт өңдеу және жем өндірісі бағыттарындағы нақты ынтымақтастық жобаларын пысықтау жоспарлануда.
