Еңбекке баулу: жылыжай №29 мектеп оқушыларының тәжірибелік зертханасына айналды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №29 жалпы білім беретін мектепте оқушылар білімді тек сабақ үстінде алып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік алып отыр. Осындай алаңдардың бірі – мектеп жанындағы жылыжай. Мұнда оқушылар өз қолдарымен көкөніс пен гүл өсіреді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Жылыжайдағы жұмыстар наурыздан қарашаға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында оқушылар өсімдік өсірудің толық дерлік кезеңінен өтеді. Алдымен көшет дайындап, оны топыраққа отырғызады. Кейін өсімдіктерді тұрақты суарып, арамшөптерден тазартып, жай-күйін бақылап, өнім жинауға дейін күтім жасайды.
Жазғы еңбек практикасы аяқталғанымен, жылыжайда соңғы көкөністерді жинау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Оқушылар бірнеше ай бойы күтім жасаған қияр мен тәтті бұрыштарды бақшадан жинап алуда. Балалар үшін бұл жай ғана көкөніс емес, өз еңбегінің нәтижесін өз қолдарымен көріп, бағалайтын мүмкіндік.
«Балалар өз еңбегінің нәтижесін көргенде ерекше қуанады. Олар өнімнің өздігінен пайда болмайтынын түсінеді. Өсімдік үнемі күтімді, назар мен шыдамдылықты қажет етеді», – дейді мектеп ұжымы.
Оқушылар гүл өсімдіктеріне де қамқорлық жасайды. Олардың бір бөлігін қыс мезгілінде сақтап қалу үшін арнайы құмыраларға отырғызады. Алдағы уақытта гүлдер оқу кабинеттері мен мектептің басқа да бөлмелерін безендіруге пайдаланылады.
Жылыжай оқушылар үшін өзіндік тәжірибелік зертханаға айналған. Мұнда олар өсімдіктерді өсірудің ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, мектептен тыс өмірде де қажет болатын дағдыларды меңгереді. Күнделікті күтім жасау жауапкершілікке, ұқыптылық пен шыдамдылыққа баулиды. Ал бірлескен жұмыс бастаған істі соңына дейін жеткізуге үйретеді.
Бұл жұмыстың басты нәтижесі – жиналған өнім ғана емес. Оқушылар өз тәжірибесі арқылы жақсы нәтижеге жету үшін уақыт, еңбек және тұрақты көңіл бөлу қажет екенін түсінеді. Сондықтан өздері өсірген қияр мен бұрыш – тек маңдай тердің жемісі емес, жауапкершілік пен табиғатты аялаудың көрнекі сабағы.
