Kozybayev University Қытайдың жоғары оқу орындары және бизнес өкілдерімен серіктестікті нығайтып жатыр

Kozybayev University-де аграрлық сала мамандарын даярлаудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды. Кездесуге Қытайдың Шыңжаң ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық университеті мен «Тайкунь» Шыңжаң корпорациясының өкілдері қатысты. Жұмыс сапары екі күнге жоспарланған, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Сапардың алғашқы күнінде қытайлық серіктестер университет басшылығымен кездесті. Кездесу барысында бірқатар келісімге қол қойылып, екі бірлескен орталықтың – «Қытай-Қазақстан ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы академиясы» және «Астық, майлы дақылдар мен жемшөпті өңдеу технологиялары бойынша Орталық Азия оқу орталығының» ашылғаны жарияланды.
Сондай-ақ білім беру мен өндірістің өзара ықпалдастығын арттыруға бағытталған стратегиялық ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойылды.
Студенттерге де ерекше назар аударылды. Тараптар қазақстандық студенттерді 2026 жылдың өзінде оқуға қабылдау, кредиттерді өзара тану, Қытайдағы «Тайкунь» кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өту, жұмысқа орналасу және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұдан бөлек, «Тайкунь стипендиясы» бағдарламасы бойынша шетелдік студенттерді оқыту және профессор-оқытушылар құрамымен алмасу жоспарланған.
«Студенттер үшін жаңа білім алып қана қоймай, заманауи технологиялармен тікелей өндіріс орындарында танысуға, тәжірибеден өтуге және халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік ашылады», – деді Kozybayev University Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исақаев.
Сапардың екінші күнінде Қытай делегациясы СҚО-ның салалық басқармаларының басшыларымен кездеседі. Кездесуде білім, ғылым және бизнес салаларындағы ынтымақтастық, аграрлық секторға маман даярлау, ветеринария, мал шаруашылығы технологиялары және жаңа бірлескен жобалар талқыланады.
Сонымен қатар қой шаруашылығы бойынша халықаралық техникалық топтың жұмысын дамыту және оқытушылармен тұрақты алмасу мәселелері қаралады.
Екі күндік сапар қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстың алдағы жоспарын айқындауды көздеп отыр.
