Қызылжар ауданында кәсіподақ активінің кездесуінде еңбек құқықтары мен мемлекеттік қызмет мәселелері талқыланды

Қызылжар ауданында мемлекеттік қызметшілерге арналған кәсіподақ десанты өтті. Көшпелі кездесу барысында мемлекеттік органдардың қызметкерлері мемлекеттік қызмет, еңбек және әлеуметтік құқықтарға қатысты мәселелер бойынша тікелей кеңес алды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті, «СҚО Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының өкілдері қатысты. Жеке қабылдау кезінде мемлекеттік қызметшілер мен кәсіподақ мүшелері материалдық көмек, кәсіподақ қызметі, құқықтық қолдау және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер бойынша сұрақтар қойды.
Мемлекеттік қызмет мәселелері мен жаңа заңнама талаптарына қатысты түсіндіру жұмыстарын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Бақыт Махатов жүргізді. Құқықтық кеңесті «СҚО Кәсіподақ орталығы» төрағасының орынбасары Жанат Жұмабек берді. Ал «Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Темірғали Әбілмажинов кәсіподақ ұйымының жұмысы мен материалдық көмек көрсету тәртібі туралы айтып берді.
Жеке қабылдаудан кейін ауданның кәсіподақ активімен кездесу өтті. Жиынға Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов модераторлық етті.
«Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілерге бейінді ұйымдардың мамандарынан тікелей жауап алуға мүмкіндік береді. Әрбір кәсіподақ мүшесі өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білуі маңызды. Ал туындаған мәселелер сындарлы диалог арқылы шешілуі керек», – деді Темірғали Әбілмажинов.
Кездесуде мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы өзгерістерге, құқықтық мәселелерге және Әдеп жөніндегі кеңестің қызметіне де ерекше назар аударылды. Кәсіподақ өкілдері ұйымның жұмыс бағыттары мен қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғаудағы рөлі туралы айтып берді.
Іс-шара соңында кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқан мүшелер марапатталды. Қозғалысты дамытуға және кәсіподақ қызметіне қосқан үлесі үшін оларға «Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының Құрмет грамоталары табысталды.
