Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Үйде оқыту және үйірмелердің тапшылығы: СҚО-да ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасылары қандай қиындықтарға тап болуда

Үйде оқыту және үйірмелердің тапшылығы: СҚО-да ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасылары қандай қиындықтарға тап болуда

September 21, 2026 13:38

 

Петропавлда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары отбасылары күнделікті өмірде қандай қиындықтарға тап болатынын айтты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Негізгі мәселелердің қатарында тегін үйірмелер мен спорт секцияларының тапшылығы, құрдастарымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінің шектеулі болуы және қолжетімді көмек түрлері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі бар.

Бұл мәселелер «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында «Әділет» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі бірыңғай тақырыптық қабылдауда талқыланды. Кездесуге партияның Әйелдер қанатының өкілдері, мемлекеттік органдар мен бейінді ұйымдардың мамандары қатысты.

Петропавл тұрғыны Наргүл Нүркеева мектеп жасындағы ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тегін үйірмелер мен қосымша сабақтардың таңдауы әлі де шектеулі екенін айтты. Жеке орталықтардың қызметі ақысының жоғары болуына байланысты барлық отбасы үшін бірдей қолжетімді емес.

«Әр баланың қабілеті мен қызығушылығы әртүрлі. Біріне шахмат ұнаса, енді біріне жүзу немесе сурет салу ұнайды. Ерекше қажеттіліктері бар мектеп жасындағы балалар үшін тегін үйірмелер мен секциялар көбірек болса екен дейміз. Олар сол жерде өз қабілеттерін дамытып, уақытын пайдалы өткізер еді», – деді Наргүл Нүркеева.

Қабылдау барысында қалада мұндай мүмкіндіктердің кейбірі бар екені белгілі болды. «Үміт» спорт клубы басшысының орынбасары Ардақ Оразбекова жұмыс істеп тұрған секциялар туралы айтып, баланың денсаулық жағдайын ескере отырып, жеке бағдарлама бойынша үйірме таңдауды ұсынды. Ата-аналарға қажетті байланыс нөмірлері беріліп, сабақтар мамандардың сүйемелдеуімен өтеді.

Тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтену. Анна Останина үйде білім алатын алтыншы сыныпта оқитын екі баланы тәрбиелеп отыр. Анасының айтуынша, мұндай жағдайда балалардың құрдастарымен араласуына және бірлескен іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беру ерекше маңызды.

«Көптеген ана қажетті ақпаратты бір-бірінен ғана алады. Балаларымыз үшін қандай мүмкіндіктер бар екенін бәрі біле бермейді. Сонымен қатар мұндай балаларға әлеуметтену жетіспейді. Олар бір-бірімен араласатын іс-шаралар көбірек ұйымдастырылса екен», – деді Анна Останина.

Мамандар ата-аналарға түзету көмегін алу тәртібін түсіндіріп, қолданыстағы бағдарламалар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жекелеген мүмкіндіктер болғанымен, қосымша үйірмелерге, спорт секцияларына және балаларға арналған түрлі іс-шараларға деген қажеттілік әлі де бар екенін атап өтті.

Жалпы тақырыптық қабылдау аясында Петропавл қаласы мен облыс аудандарынан 20-ға жуық адам балалардың білім алуы, түзету және оңалту көмегі, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелері бойынша жүгінді. Кездесуде айтылған ұсыныстарды жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қосымша пысықтау жоспарланып отыр.

Shares