Петропавловск
+21°C
Главная страница » Мәдениет » Петропавлда суретші Игорь Ищенконың «Туған өлке» атты мерейтойлық көрмесі ашылды

Петропавлда суретші Игорь Ищенконың «Туған өлке» атты мерейтойлық көрмесі ашылды

September 21, 2026 11:54

 

Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінде петропавлдық суретші Игорь Ищенконың «Туған өлке» атты мерейтойлық жеке көрмесі ашылды. Экспозицияға суретшінің 41 туындысы қойылған. Оларда автор бала кезінен таныс көшелерді, үйлерді, табиғатты және Солтүстік өңірдегі Есіл маңының күнделікті тыныс-тіршілігін бейнелеген, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Игорь Федорович Ищенко үшін сурет салу әрдайым сүйікті ісі болған. Ол 1946 жылы Петропавлда дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын туған қаласында өткізген. №10 Крупская атындағы мектепте жеті сынып оқығаннан кейін еңбек жолын бастады. Шағын литражды қозғалтқыштар зауытында, кірпіш зауытында, кейін теміржолдың вагон депосында 35 жыл еңбек етті.

Оның бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бұл қабілеті әскер қатарында жүрген кезінде де қажетке жарады. Ищенко әскери қызмет кезінде түрлі плакаттар әзірлеген.

Жылдар өте келе әуесқойлық кәсіби шығармашылыққа ұласты. Бүгінде жасы ұлғайғанына қарамастан, суретші картина салуды жалғастырып келеді. Туындыларының басым бөлігі қалың картонға майлы бояумен салынған. Шағын көлемді картиналары қарапайым сюжеттерімен және қоршаған ортадағы детальдарға мұқият мән беруімен ерекшеленеді.

Ищенко шығармашылығында пейзаж жанры ерекше орын алады. Оның картиналарынан қала мен ауыл көріністерін, су айдындарын, табиғат аясындағы кеңістіктерді, үйлер мен аулаларды көруге болады. Суретші табиғатты жылдың әр мезгілінде және түрлі ауа райы жағдайында бейнелеуге тырысады. Пейзаждармен қатар тұрмыстық көріністер, ауыл мен қала тұрғындарының өмірінен алынған сюжеттер, сондай-ақ автопортреттер де кездеседі.

Бұл туындылардың басты ерекшелігі – шынайылығы мен қарапайымдылығы. Автор күрделі көркемдік тәсілдерге ұмтылмай, өзі жақсы білетін әрі жүрегіне жақын дүниелерді бейнелейді. Сондықтан оның картиналарынан Солтүстік Қазақстанға тән туған жер көріністерін оңай тануға болады.

Игорь Ищенконы Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейімен көп жылдан бері қалыптасқан шығармашылық байланыс біріктіреді. Ол музейге тұрақты келіп тұрады. Ал суретшінің алғашқы жеке көрмесі – «Милый дом» 2018 жылы осы музейде өткен.

Биылғы экспозиция осы шығармашылық байланыстың заңды жалғасы іспетті. Суретші өз картиналары арқылы шығармашылығына басты шабыт беретін мекен – туған Петропавл мен Солтүстік Қазақстан жері туралы тағы бір мәрте сыр шертеді.

Shares