Жарасбай Сүлейменов: «Конституция мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді»

2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Ата заң мемлекетті ұйымдастыру қағидаттарын, адам құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу тетіктерін бекітеді. Осы нормалардың маңызы туралы Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Жарасбай Сүлейменов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.
Халық Конституциясы мемлекеттік құрылымның негіздерін ғана емес, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың қағидаттарын да айқындайды. Олардың қатарында адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және қоғамдық диалогты дамыту бар. Бұл ережелер жаңа Ата заңның 3-бабында бекітілген.
Конституциялық жүйеде азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуына ерекше орын берілген. 4-бапқа сәйкес, Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз өкілеттіктерін сеніп тапсырған мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
Конституцияда көзделген институттардың бірі – Қазақстан Халық Кеңесі. 70-бапқа сәйкес, ол халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болып табылады. Оның қызметі ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуге, қоғамдық келісімді нығайтуға және жалпыұлттық диалогты дамытуға бағытталған.
Жарасбай Сүлейменовтің пікірінше, жаңа Ата заңның маңызы мемлекет пен азаматтардың өзара жауапкершілігін нығайтумен де байланысты.
«Жаңа Конституцияның күшіне енуі – еліміздің тарихындағы шешуші кезең. Мемлекет басшысының басшылығымен біз жаңа, әділетті әрі адал Қазақстан құру жолында қадамдар жасап жатырмыз. Соның кепілі – жаңа Конституция», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар Ата заңда бекітілген қағидаттар мемлекеттік органдардың қызметімен ғана шектелмейді. Олар азаматтардың да қоғамдық өмірге жауапкершілікпен қарауын көздейді. Конституцияның 3-бабында негізгі қағидаттар қатарында қоғамдық диалогты дамыту, жауапты әрі жасампаз патриотизмді дәріптеу, сондай-ақ еңбекқорлық, прогресс пен білім құндылықтарын орнықтыру көрсетілген.
«Бұл құжат елімізді үлкен жетістіктерге жетелейді. Алайда ол үшін әрбір азамат адал еңбек етіп, өз елінің патриоты болуы керек», – деп санайды құрметті журналист.
Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде айқындалған. Бұл нормалардың азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынаста практикалық маңызы зор. Өйткені Ата заңның ең жоғары заңдық күші бар және ол елдің бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
Жарасбай Сүлейменов Қазақстанның одан әрі дамуы көп жағдайда билік пен қоғам арасындағы өзара байланыстың қаншалықты нығаюына тәуелді екенін атап өтті.
«Конституция мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді», – деді ол.
Жаңа Ата заң мемлекеттік институттардың қызметі мен азаматтардың ел өміріне қатысуына құқықтық бағдар береді. Онда бекітілген қағидаттардың жүзеге асуы Конституция мен заңдардың сақталуына, мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне және қоғамның белсенді азаматтық ұстанымына байланысты.
