Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Аққайың ауданында сот шешімімен 1,9 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Аққайың ауданында сот шешімімен 1,9 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды

October 27, 2026 11:54

Жайылымдық жерлер ауыл шаруашылығының игілігіне пайдаланылуы тиіс, бос жатпауы керек. Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында мақсатты пайдаланылмаған, көлемі 1,9 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі анықталды. Сот шешімімен бұл жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Заңбұзушылықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген тексеру барысында анықтады. Әңгіме ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін пайдаланылуы тиіс жайылымдық алқаптар туралы болып отыр.

Заңнамада мұндай жерлерді ұзақ уақыт бойы пайдаланбағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Егер шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу не ауыл шаруашылығы өндірісін жүзеге асыру үшін берілген жер учаскесі заңбұзушылық алғаш анықталған кезден бастап бір жыл ішінде нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаса, оны белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға болады.

Жерді мемлекет меншігіне заңды түрде қайтару мақсатында департамент Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолдады. Сот іс материалдарын қарап, ведомствоның талаптарын толық қанағаттандырды.

Нәтижесінде 1,9 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл алқаптарды алдағы уақытта жер заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалану мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Shares