Петропавловск
+21°C
Главная страница » Жаңалықтар » Петропавлдың орталық алаңында Республика күні салтанатты түрде атап өтілді

Петропавлдың орталық алаңында Республика күні салтанатты түрде атап өтілді

October 25, 2026 14:48

Орталық алаңда Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Сахнадан өңір тұрғындарына мерекелік құттықтаулар жолданды. Петропавлда Қазақстанның егемендікке жету жолын айқындаған тарихи оқиғаларды еске салатын Республика күні аталып өтті, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Мерекенің басты назарында ресми рәсім ғана емес, осы ерекше сәтті бірге атап өтуге жиналған жұртшылық та болды. Алаңға әртүрлі буын өкілдері жиналды. Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

Мемлекеттік Әнұранның асқақ әуенімен Туды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Жиналғандар үшін бұл қасиетті рәсім мерекенің басты сәтіне айналды. Ол Қазақстанның егемендігін, тарихының байлығын және болашаққа деген нық сенімін айшықтады.

25 қазан – мемлекеттіліктің қалыптасуындағы маңызды кезеңдердің бірімен байланысты дата. 1990 жылы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат елдің дербес даму жолын таңдауға деген ұмтылысын айқындап, Қазақстанның 1991 жылы қол жеткізген Тәуелсіздігіне бастар жолдағы маңызды тарихи белес болды. 2026 жылы еліміз Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуде.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде Тәуелсіздік пен бірлікті сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ елдің дамуы әр адамның қосқан үлесінен құралатынын айтты. Ол туған өлкенің игілігі үшін еңбек етіп, бала тәрбиелеп, айналасына қамқорлық танытып жүрген жерлестеріне алғыс білдірді.

Мереке құттықтаулармен жалғасты. Қоғам өкілдері мен салтанатты рәсімге қатысушылар солтүстікқазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және ашық аспан тіледі.

«Бүгін – Қазақстан Республикасының күні. Біз бұл мерекені бүкіл ел болып атап өтіп жатырмыз. Бұл – өте маңызды күн. Әрбір қазақстандыққа зор денсаулық, ең бастысы, еліміздің аспаны әрдайым ашық болуын тілеймін. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!» – деді Ұлттық құрылтайдың мүшесі Елена Семидоцких.

Мереке концерттік бағдарламамен аяқталды. Әуезді әндер мен әртістердің өнер көрсетуі тарихи ортақ құндылықтар төңірегінде петропавлдықтарды біріктірген салтанатты шараның қорытынды аккордына айналды.

Shares