Республика күні Петропавлда 200 миллион теңгеге салынған жаңа спорттық нысан ашылды

Республика күні Петропавл қаласының Ойқала шағынауданында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынған ангар үлгісіндегі модульдік спорт залы ашылды, деп хабарлайды QZ NEWS. Ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен қордың басқарма төрағасы Ләззат Шығысбаева қатысты.
Жаңа нысан су тасқынынан кейін бұзылған үйлердің орнына салынды. Оның ашылуы шағынауданды жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жолындағы тағы бір маңызды қадам болды. Жобаның құны 200 миллион теңгені құрайды.
Спорт залында шағын футбол, баскетбол және волейболмен айналысуға, жаттығулар өткізуге және түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.
Соңғы төрт жылда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 20 миллиард теңгеден асатын 21 әлеуметтік жоба мен 31 қайырымдылық акциясы жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалар халыққа нақты көмек көрсетуге және өңір үшін маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.
