Петропавловск
+21°C
Главная страница » Агро » Петропавлдағы ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жылқы еті 3300 теңгеден сатылып, жұмыртқаға сұраныс артты

Петропавлдағы ауқымды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жылқы еті 3300 теңгеден сатылып, жұмыртқаға сұраныс артты

October 23, 2026 14:42

Петропавлда Республика күні мерекесі қарсаңында «Дала дәмі» тұжырымдамасы аясында ауқымды облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған өңірдің барлық аудандары мен облыс орталығындағы шаруашылықтар және қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты, деп хабарлайды QZ NEWS тілшісі.

Жәрмеңке М. Жұмабаев көшесінің Интернациональная көшесінен Абай көшесіне дейінгі бөлігінде ұйымдастырылды. Облыстың әр ауданы өз өнімдерін арнайы тігілген киіз үйлерде ұсынды. Жергілікті жетекші брендтер де тауарларының кең ассортиментін шығарды. Олардың қатарында «Зенченко и К» КТ, «Масло-Дел Петропавловск» ЖШС, «Сұлтан ЕММК» ЖШС, «EMC Agro» ЖШС, «ҚазМясоПродукт» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жәрмеңкеге 52,5 тоннадан астам ет өнімін, 10,2 тонна сүт өнімін, 130 тонна картоп, сондай-ақ ондаған тонна көкөніс, ұн, балық және бал әкелді.

Азық-түлік өнімдерінен бөлек, тұрғындарға Абай көшесінің Пионерская көшесіне дейінгі бөлігінде және Жұмысшы кентінде мал азығы да сатылды. Саудаға 200 тонна буылған шөп, 180 тонна сабан, 260 тонна астық қалдықтары және 130 тонна жемдік арпа мен сұлы жеткізілді.

Жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов келді. Ол аудандардың өкілдерімен, қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметкерлерімен және сатып алушылармен әңгімелесті.

Күннің жарқын сәттерінің бірі мәдени-ойын-сауық бағдарламасы болды. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына арнап концерт, мерекелік инсталляциялар және Солтүстік Қазақстан жерінің байлығы мен дәстүрлерін бейнелейтін тақырыптық фотозоналар ұйымдастырылды. Келушілер алдында алып қуыршақ кейпіндегі әртістер, ұзын аяқпен жүретін өнерпаз және музыканттар өнер көрсетті. Қалағандар ыстық шай мен кофе ішіп, жаңа піскен бауырсақ пен хош иісті палаудан дәм татты.

Жәрмеңке тұрғындарды сапалы өнімдермен тікелей өндірушілерден нарықтағы орташа бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, жылқы етінің бір келісі 3300 теңгеден сатылды. Ал нарықтағы бағасы 6500–6750 теңге аралығында. Сиыр еті 3000 теңгеден ұсынылды, ал оның нарықтағы құны 4500–4600 теңгені құрайды. Зейнеткерлер мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қосымша жеңілдіктер қарастырылды.

Қала тұрғындары арасында тауық жұмыртқасына сұраныс ерекше жоғары болды. Сатып алушылар бірден бірнеше ондаған жұмыртқадан алды. Сонымен қатар картоп, қырыққабат, сүт және ет өнімдері де көп сатылды.

Shares