Жанат Мұхамеджанов: «Үлкен мәселенің шешімі бір ғана ұсыныстан басталуы мүмкін»

Туған қаланың дамуына үлес қосу тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, тұрғындардың өз бастамаларына да байланысты. Ұсыныс білдіру, өзекті мәселелерді көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету мүмкіндігі жаңа Ата заң аясында ерекше маңызға ие. Халықтық Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екені, ал мемлекет қызметінің басты назарында адам, оның құқықтары мен бостандықтары тұратыны бекітілген. Бұл туралы QZ NEWS тілшісі хабарлайды.
Іс жүзінде бұл қағидаттар қоғамдық кеңестердің жұмысынан көрініс табады. Олардың мүшелері тұрғындар мен жергілікті билік органдары арасындағы байланысты нығайтып, күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерді нақты ұсыныстарға айналдыруға ықпал етеді. Бүгінде Петропавл қаласында қандай мәселелерге басымдық беру қажет екенін қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Жанат Мұхамеджанов айтып берді.
Оның пікірінше, жастардың тек білім алып, жұмыс істеуіне ғана емес, өз қабілеттерін жүзеге асыруына да қолайлы жағдай жасау маңызды. Осындай мүмкіндіктердің бірі заманауи Жастар үйі болуы мүмкін. Сонымен қатар студенттерді қолдау, әсіресе олардың баспана мәселесін шешу де өзекті. Жанат Мұхамеджанов бұған мысал ретінде бұған дейін қоғам назарын аударған медициналық колледж жанынан жатақхана салу мәселесін келтірді.
Қала нысандарын тиімді пайдалану жөнінде де бірқатар бастама бар. Атап айтқанда, қоғам өкілдері Ярослав Гашек көшесіндегі әскери бөлімді қайта жаңғырту мүмкіндігін қарастырып, оны оңалту қажеттіліктеріне бейімдеуді ұсынып отыр.
«Қоғамдық кеңес кемшіліктерді жай ғана тіркеу үшін құрылмаған. Әрбір өтініштің артында жағдайды жақсартуға деген ниет тұруы керек. Кейде үлкен мәселенің шешімі дер кезінде естіліп, қолдау тапқан бір ғана ұсыныстан басталады. Дәл осындай көзқарас адамдарға қала өміріне өздерінің де үлес қосып жатқанын сезінуге мүмкіндік береді», – деп есептейді Жанат Мұхамеджанов.
Қоғам өкілінің пікірінше, азаматтық белсенділіктің басты құндылығы – болып жатқан жағдайларға бейжай қарамау. Жаңа Конституция осындай белсенділікке негіз қалайды. Ал онда қарастырылған мүмкіндіктердің қаншалықты тиімді пайдаланылуы көп жағдайда азаматтардың өздеріне байланысты.
